Полиция қызметкері болу қиын ғана емес, кейде қауіпті мамандық екенін барша жұрт жақсы біледі. Ол жөнінде талай рет жазылып та, айтылып та жатыр. Сондықтан да бұл қызметті ештеңеден қаймықпауға, тайсалмауға бел буған нәзік жандардың ерлерден қалыспай атқарып жүргендеріне таңғалмасқа болмайды. Облыстық ішкі істер департаментінің күрделі де жауапты саналатын учаскелерінде бүгінде 439 әйел-полицей қызмет етуде. Иығына погон таққан Зарина Шәріпова да – солардың қатарына өзінің жүрек қалауымен келген жандардың бірі.
Заринаның таңдауы құқық қорғау қызметіндегі тергеуші мамандығына түскен. Кешікпей Семей қаласына жол тартқан. Онда ұйымдастырылатын 3 айлық алғашқы дайындықтан өту кезінде-ақ, ол алдағы өмір жолында осынау мамандықтың салар салмағы оңай соқтырмайтынын тағы бір түсінгендей еді. Бірақ жігерлі қыз кез келген қиындыққа қарсы тұра алатындығын таныта білді.
Алғаш рет атыс орнына шығып, нысананы көздеу оңайға соқпапты. Сондай-ақ, оқ ататын қарулардың арасында әлі күнге дейін басқаларына тең келмейтін әрі таңдаулысы “Калашников” автоматын қолға алу да әрбір адамға бұйыра бермейді. Арнайы алаңда бірнеше сағаттап қатаң тәртіппен өткізілетін саппен жүру дайындығы да шаршатпай қоймайды. Түннің кез келген сәтінде дабылмен тұру кезінде де өзіңнің жинақы, жылдам, ширақ екеніңді көрсете білуің керек.
– Иығымдағы погонымда екі жұлдыз, ақ жейде киген маған да әріптестерім сияқты облыстық ішкі істер басқармасының бастығы қызметке кірісу жөнінде бұйрық шығарды. Қызметім сол күні түстен кейін-ақ басталды да кетті. Түс кезінде қала орталығындағы бір сауда нүктесінің жанында мезгілсіз көз жұмған жасы егде тартқан әйелдің кім екенін анықтау тапсырылды. Батылың барып араласа қоймайтын, жүрексінетін мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасуым ғой. Мәйітті көлікке көтеріп салысып, мәйітханаға апарысуыма да тура келді, – дейді Зарина.
Қым-қуыт оқиғаларға толы қылмыс әлемінің өз құпиясы бар. Содан да болар онда шекара болмайды, ол ұлт та таңдамайды. Қылмыстың ішінде кең тарағаны – ұрлық. Заринаның қызметін бастаған кезіндегі алғаш ашқаны алаяқтық фактісі бойынша жасалған қылмыс. Бұл қылмыс алғашында 5 эпизодтан тұрса, кейін сыбайласының ұрлығы қосылып, 10-ға барған. Ол одан әрі жалғасып, барлығы 13 эпизодты құраған. Осынау шым-шытырық қылмысты ашу оған оңай соқпаған. Тергеу ісі солқылдақтықты көтермейтіндіктен күдікті тұстарында ештеңені мүлт жібермеуге тырысқан ол оны 2 айда бітіріп шыққан. Сөйтіп, 4 алаяқтың қылмысы ашылып, әшкереленген.
Кезінде ел-жұртты шулатқан, ебін тауып екі асауға үйір болған Х. дегеннің қылмыстық ісі де Заринаның есінен әлі күнге дейін кетпейді. Ақшаға құныққан алаяқ сенгіш, аңғал мінез, арам ойдан аулақ жүретін, жастары егде тартқан зейнеткерлерді алдаған. “Экопласт” деп аталатын жалған фирма арқылы ол әлгі бейкүнә жандарға арзан бағаға терезе орнатып беремін деп зейнетақыларын қымқырған. Аталмыш қылмыс 65 эпизодты құраған. Бұл жолы да Зарина айласын асырамын, қылмысын жасырамын деп жанталасқан алаяқтың заңға қайшы жасағанын бұлтарпас айғақ, дәйекті дәлелдер келтіре отырып, толықтай ашқан. Құлқыны тойымсыз, құлқы жаман қылмыскер тиісті жазасын алған.
Қай қызметте болсын бедел ерінбей-талмай еңбек ете білсең ғана келеді. Зарина арада бір жыл өткенде аға тергеушілікке көтерілсе, одан кейінгі екі жылда қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқару тапсырылған. Қазір ол полиция капитаны, қалалық 1-ші полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары. Қарамағында 17 адам бар. Кешегі полиция лейтенантының төрт жылда капитан дәрежесіне көтерілуінің өзі Заринаның іскерлігін көрсетпей ме?
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.