«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРЕЗЕЛЕРІ ЖАРҚЫРАП ШЫҒА КЕЛДІ

Шал ақын ауданындағы Ғалым Малдыбаев атындағы орта мектеп биылғы оқу жылына жақсы әзірлікпен келді. Әсіресе, мектеп ғимараты терезелерінің түгелдей ауыстырылуы оқушыларды да, мұғалімдерді де қуанышқа бөлегендей. Оқу орнының директоры Жайнагүл Қазбекованың айтуынша, осынау игілікті іс өз жерлесі, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың жанашырлығымен жүзеге асқан. Былтырғы жылы Мұғалім күнінде мектепте болған Ерік Хамзаұлы оқу орнына 10 компьютер сыйлап, келер жазда оқу орнының терезелерін жаңартып беруге уәде еткен болатын. Бүгінде облыс тізгінін қолына алған Ерік Хамзаұлының шарапаты тиіп, жаңажолдық оқушылар жаңа оқу жылын жарқыраған жарық сыныптарда бастады.

Сөйтіп, осы ауылдық округте 5 мың гектар егістік жері бар “АЗКО – Жаңажол” ЖШС-і демеушілік жасап, бұл жұмыс 20 тамызда қолға алынып, небары жеті жұмыс күні ішінде аяқталды. Оған шаруашылық басшысы Владислав Азрапкин 10 миллион теңге қаржы бөлді. Серіктестік фирманы өздері тауып, олардың үш шебері бір аптаның ішінде терезелердің барлығын ауыстырып берді. Сондай-ақ, бұл іске ауылдың жұмыссыз жүрген бес жігіті де тартылды. Мектептің жаңа пластикалық терезелері ұжымның көңілінен шығады, сол үшін алғыстары шексіз.

Осы жұмыстан кейін қайта сырланған мектеп жаңа оқу жылы алдында жұтынып шыға келді. Ғимараттың ішінде ғана емес, сыртқы келбетіне де көрік беретін жұмыс жүргізілді. Мектеп алды орамының қоршауы жаңартылып, сырланды. Кіреберісті тәртіпке келтірген басқа да жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұлардың бәріне ауылдық округтің кәсіпкер азаматтары қаржылай көмек көрсетті. Мысалы, Жаңаталап ауылындағы фермерлік шаруашылық жетекшісі Қабдірахман Хамзин 130 мың теңгеге қоршау тақтайшаларын сатып әперсе, осы ауылдың тағы бір фермер жігіті сыртқы әрлендіру жұмыстарына қажетті сыр алып берді. Сол сияқты, бұрынғы мектеп түлегі, қазірде қаладағы “Интерстройсервис” ЖШС-іне жетекшілік ететін Бейбіт Досжанов мектепті қайта сырлауға 50 құты сыр жіберді. Білім ордасының тағы бір кәсіпкер түлегі – Жасұлан Аманов мектептегі 50 парта мен 100 орындықтың бетін жаңартып берді.

Сонау тоқырау жылдарында мектептің ішіне енгізілген жылыту қазандығы өткен жылы қайта сыртқа шығарылды. Жаңартылған жылыту қазандығы жақсы жұмыс істеп, қысқы суықта мектеп үйі бұрынғыдан анағұрлым жылы болды. Жаңа пластикалық терезелердің арқасында білім ошағының биыл, тіпті, жылы болары сөзсіз. Бүгінде 120-ға тарта түтіні бар ауылдан 70 оқушы шығып отыр. Сондай-ақ, мектепалды даярлық сыныбында 10 бала бар. Ал, мектеп ішіндегі “Балауса” шағын орталығында 25 бала тәрбиеленеді. Биыл бірінші сыныпқа 11 бала келді.

– Жергілікті билік органдары мен кәсіпкерлердің тарапынан жасалып жатқан жоғарыдағыдай қамқорлық біздің мектеп ұжымын оқушыларға сапалы білім мен жақсы тәлім-тәрбие беруге міндеттейді. Ал, біз осы талап деңгейінен табылуға тырысудамыз. Өткен жылы мектебімізді 22 түлек бітірген болса, олардың 9-ы грантқа ілегіп, жоғары оқу орындарына түсті. Солардың бірі – мектепті үздік бітірген Айдана Қасенова қазір Астана қаласында Еуразиялық Ұлттық университетте оқиды. Биылғы 6 түлегіміздің біреуінің ғана грантқа ие болғаны ұстаздар ұжымын ойға салып отыр. Тіпті, олардың үшеуінің грантпен колледжге түскендерін де місе тұтпай, алдағы уақытта білім сапасына айрықша назар аударатын боламыз. Мектебімізде қазақ күресі және тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Тоғызыншы сыныпта оқитын тоғызқұмалақшы қызымыз Диана Темірбекова өткен жылы облыс чемпионы атанып, республикада төртінші орынды еншіледі. Ал, спорт шеберлігінен үміткер оқушымыз Мейірбек Рахимов қазақ күресінен облыс жеңімпазы болып табылады. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиесінде аға ұрпақтар үлгісінің алар орны зор. Осы мақсатта жерлестеріміз: Мырзатай Серғалиевке, Серік Хамзинге, Марат және Әлімжан Мәжитовтерге және өңір басшысы Ерік Сұлтановқа арналған “Мектеп мақтаныштары” мүйісін жасамақшы ойымыз бар, – дейді Жайнагүл Қосманқызы.

Иә, ауылдың ертеңі – жас ұрпақтың тәрбиесін ойлап, мектебін қамқорлыққа алып отырған біртуар азаматтары барында білім ошағы кемшілік көрмейді. Ауылдың қалған түтінін азайтпай, тірлігін түзету – солардың қолында. Ерке Есілдің қойнауындағы Жаңажол ауылының түгін тартсаң майы шығатын жері, тұма-бұлақ сулары бар. Екі үйінің бірінде құдығы бар ауыл торапты су құбырын сұрап отырған жоқ. Асфальтқа жеткізетін жеті шақырым жолына жөндеу жүргізіліп жатқан ауыл тұрғындары енді жол қатынасынан да қиындық көрмейді. Мектептің терезелерін ауыстырып берген Владислав Азрапкин бұл мәселеде де қамқорлық танытып, жылда бір “К-700” тракторын соляркасымен қоса қыс айларында жол тазалауға бекітіп қояды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: мектептің сыртқы көрінісі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp