Дертті дер кезінде анықтау – саулық кепілі. Ал емделу үшін алдымен оның алғашқы белгілерін білген жөн. Сіздер газетіміздің “Денсаулық” бетіне хат жолдап, сырқат түрлерінің белгілері мен емделу жолдары жайында толық мағлұмат ала аласыздар. Ол үшін газетіміздің мекенжайына, не болмаса электронды поштасына хат жолдасаңыз жеткілікті. Сауалдарға облысымыздың білікті дәрігерлері жауап беретін болады.
Бүгінгі хаттың иесі – Петропавл қаласының тұрғыны Азамат Серіков. Ол жаз шықса болды, аллергиялық ауруларға шалдығып, демікпесі ұстап, соның салдарынан жұмыс істей алмайтындығын жазады. Әсіресе, теректің мамықтары ақ ұлпа қардай жауған тұста аллергиясы қозып, беті дуылдап қышыса, мұрны бітеліп, дем ала алмайтын жағдайға жетеді. Бұл дерттен қалай сауығуға болатынын білгісі келеді екен.
Сауалға облыстық аурухананың аллерголог дәрігері Рүстем Әжібаев жауап береді:
– Аллергиялық ауруларға шалдыққан адамдардың басым бөлігінің созылмалы дерттері теректің мамығынан асқына түседі. Айта кету керек, мамық – түрлі өсімдіктердің тозаңын таратушы. Сол себепті кей адамдардың аллергиясы теректің мамығынан ғана емес, оның бойына жиналған түрлі тозаңнан да туындайды. Осылайша тозаң өздігінен жете алмайтын жерлерге желдің күшімен мамық ұшырып әкетеді. Мамық ауыз-мұрынға кіріп, бетке жабысып, аллергиямен ауыратын адамдардың дерттерін қоздырып, одан сайын асқындыра түседі. Мұрын бітеліп, науқас жиі түшкіре бастайды. Көзден жас ағады. Бұл – аллергиялық ринит сынды дерттің алғашқы белгілері. Бронх демікпесімен ауыратындардың сырқаты асқынып кетуі мүмкін.
Күн ыстықта бет жиі терлейді. Мамық бетке жабысып, аллергия тудыруы мүмкін. Бет дуылдап қышып, қызарып, қышыма және дерматит сынды тері ауруларына дейін баруы мүмкін.
Аллергиялық дерттің қай түрі болсын, оның алдын алып, емдеу үшін ең алдымен сырқатты тудырушы аллергенмен байланыстан сақтану керек. Мәселен, теректің мамығына аллергиясы бар адамдарға ағаш гүлдеп болғанша басқа елді мекенге кету ең оңтайлы шешім болар еді. Бірақ көпшіліктің оған жағдайы жете бермейді. Оның үстіне хат иесі қызмет істеймін деп жазған екен. Мұндай жағдайда, әсіресе, күн ыстық, желді күндері далаға шығуды шектеңіз. Жұмыс орныңыздың, не болмаса үйіңіздің есік-терезесінен мамық кірмес үшін оны тормен қымтау қажет. Ал торды сулап қойсаңыз, тіптен жақсы. Бөлменің шаңын жиі сүртіп тұрыңыз.
Даладан келгенде міндетті түрде жуынып алыңыз. Мұрныңызды сумен шаюды ұмытпаңыз. Далаға киетін киіміңізді, төсек-орныңызды гипоаллергенді құралмен жуыңыз.
Көп адамдар аллергияны өздігінен емдейміз деп халық еміне жүгінеді. Ал халық емінде қолданылатын көптеген өсімдіктердің өзі аллергиялық реакция тудыруы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сол себепті мекенжайыңыз бойынша тіркелген емханаңыздың дәрігеріне көрініп, ауруды одан сайын асқындырып алмас үшін тиісті ем қабылдаған жөн.