Жақында жарық көрген педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың “Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары” атты кітабын оқи отырып, бүгінгі қоғамда екінің бірі ашық айта алмайтын мәселелерді қозғап отырғанына көз жеткіздік. Мемлекет тарапынан қабылданатын заңнамалар, бағдарламалар, жарлықтар ең алдымен терең зерттеліп, зерделенуі қажет. Кітап авторының пікірлерімен толықтай келісе отырып, өз тарапымыздан “Мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарының” жаңа жобасына қатысты пікірімізді білдіргіміз келеді.
Әрине, бұл – білім беру мазмұнының, білім алушылардың дайындық деңгейінің талаптарын және олардың оқу жүктемесіне қажетті мөлшерді анықтайтын өте маңызды құжат. Онда білім беру әрекетін ұйымдастыруға қойылатын заманауи талаптар ескеріліп, тұжырымдалған. Білім беруден күтілетін нәтижеге бағдар, үштілді білім беру саясатын жүзеге асыру, пәндік білім мен дағдыны кезең-кезеңмен арттыруды, балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында инновациялық тәжірибені қолдану мен дамыту мәселелері қарастырылады.
Стандартта үштілді білім беруді жүзеге асыруда Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін елдің орта білім беретін мектептеріне енгізу ұсынылады. Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, мектепте білім берудің жаңа стандартқа көшуі оқушылардың бойында ХХІ ғасырда қажетті төмендегідей дағдыларды дамытуға септігін тигізеді:
– сын тұрғысынан ойлау және проблеманы шеше алу;
– командалық жұмыс және көшбасшылық мінез-құлық;
– жаңа жағдайларға икемділік пен бейімделу білігі;
– бастамашылдық және кәсіпкерлік дағдылары;
– ауызша және жазбаша өз ойын сауатты әрі нақты білдіре алу білігі;
– ақпаратты іздестіру және табу білігі;
– зерттеу жұмысы мен жоба әрекетіне көңіл бөле алу білігі және т.б.
Дегенмен, ұсынылып отырған стандарттың жобасын барынша тиянақты қарастырсақ, оны білім беру тәжірибесіне енгізуден күтілетін нәтижеге қол жеткізілетіні күмән туғызады.
Біріншіден, бағдарламалық қамтамасыз етуде кейбір пәндердің, мысалы “Тарих” пәніндегі өзгерістер ойластырылмаған. Бағдарлама авторларының тарихи білімнің алғышарты ретінде қарастырып отырған “Дүниетану” пәні 5-сыныпта оқытылатын “Қазақстан тарихы бойынша әңгімелер” пәні атқаратындай етіп оқушылардың тарих ғылымын қабылдай алуына шақталып дайындалмаған.
Бұдан басқа, “Жаңа заман тарихы” бойынша бағдарламаны 7-сыныпқа ауыстырулары – оқушылардың жас ерекшеліктерін мүлдем ескермегені. Аталмыш бағдарлама, тіпті, 8-сынып оқушыларының қабылдауы үшін күрделі болып табылады. Осының барлығы балалардың білім алуға деген қызығушылықтарын төмендетеді және олардың денсаулығына зиянын тигізеді деген пікірдеміз. Шындығында, “Жаңа тарих” пәнін 9-сыныпта оқуға ауыстырған қисынды, онда “Құқық негіздері” пәнінің көмегі арқылы балалардың қабылдауында тарихи оқиғалардың тұтастай картинасын қалыптастыруға болар еді.
Біздің пікірімізше, “Жаңа заман тарихы” пәні ХХ ғасырдың бірінші жартысы және ХХ ғасырдың екінші жартысын қарастыруға арналып, 2 жылға бөліне отырып, оқушылардың қажетті білім деңгейі жинақталған шағы – жоғары сыныптарда оқытылуы тиіс. Ал бұны стандартты әзірлеушілер оқушылардың бойында қажетті тарихи база жинақталмай тұрып 9-сыныпта оқытуды ұсынады.
Екіншіден, “Стандарттың қолданылуы” деп аталатын 3-бөлімдегі 2-тармақта оның “білім беру үдерісін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасау жолында үштілді білім беру саясатын жүзеге асыруға” бағытталады делінген. Бірақ бұл қандай жағдайлар екендігі неге екені белгісіз, түсіндірілмеген.
Айталық, жоба “Қазақстан тарихы” пәнін орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінде оқытуды енгізуді ұсынады. Біздің ойымызша, жобаны әзірлеушілер қолда бар “Қазақ әдебиеті” пәнін қазақ тілінде оқытудың енгізілу тәжірибесін қарастырмаған. Оқушылар мен олардың ата-аналары аталмыш пәнді оқуда туындаған қиындықтарды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жазып та жүр. Әдеби мәтінді талдау туралы айтпас бұрын оны түсіну екінің бірінің қолынан келмейтін мәселе екеніне назар аударған жөн. Басқа ұлт өкілдері үшін “Қазақ әдебиеті” сабағы бүгіннің өзінде сөздікпен мәтін аудару сабағына айналған.
Егер, “Қазақстан тарихы” пәнімен де осылай етсек, онда Қазақстанның жас азаматтары өз елінің тарихын білмей, ал “отансүйгіштік”, “Отан” ұғымдары олар үшін тек бос сөз болатын жағдайға жеткізеді. Бұдан басқа, біздің пікірімізше, ұсынылып отырған жаңа енгізілім мектепте оқытылатын пәндердің өз ғылыми аппараты бар екендігін ескермей отыр.
Ғылыми терминология оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың қабылдаулары үшін бейімделген болуы шарт. Осыны болашақ оқулықтардың авторлары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде пәндерге енгізу үшін орындай ала ма? Бұл ретте де біздің күмәніміз бар.
Қорытындысында, аталмыш оқулықтардағы ғылыми білімнің, ғылыми терминологияның, теориялық және практикалық материалдардың минимизациялануы сөзсіз туындайды. Осының барлығы Білім беру стандартының 2-тарауындағы “білім алушылардың теориялық білімді меңгерулері мен алған білімдерін қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін қолдана алу біліктерін дамытуды қарастыратын жалпы орта білімнің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесуін”, сонымен қатар, 4-тараудағы “білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, білім мазмұнын тереңдету мен кеңейту құралдары арқылы пәндік білім мен дағдыларын кезең-кезеңмен ұлғайтуды қамтамасыз етудің” орындалуына күмән тудырады.
Үшіншіден, пәндердің ағылшын тілінде оқытылуы туралы. Жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мектептер Қазақстанда жақында ғана пайда болды, бұл – Назарбаев Зияткерлік мектептері.
Бұл білім ордаларының тәжірибесі Қазақстанның барлық мектептерінде қолданыла алатыны жайлы үлкен сақтықпен айтқан жөн. Бұл білім беру мекемелеріне түсу үшін қатаң, конкурстық іріктеуден өткен жалпы білім беретін мектептердің үздік оқитын, зияткерлік қабілеті бар оқушылар қабылданатыны ескерілмегендігі таңдандырады. Бұқаралық жалпы білім беретін мектептер балалардың бірін қалдырмай, соның ішінде ойлау қабілетіне түсетін жүктемені көтере алмайтын, зияткерлік әрекетте қиыншылықтары бар балаларды оқытады. Қалайша осындай балалар өзге тілде оқытылатын пәндерді меңгермек және жобаны әзірлеушілер болжайтындай ХХІ ғасырда қажетті жаңа дағдыларды игеретіні мүлдем түсініксіз.
Аталмыш мақсаттарды жүзеге асыру үшін елде оқулықтар ғана емес, сонымен қатар, жай ғана қазақ, ағылшын тілдерін білетін, осы тілде тарих, математика, физика, химия және т.б. пәндерді оқыта алатын оқытушылар да жоқ екендігін сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін білім беру саласын реформалауда күтілетін нәтижелермен қатар, халықтың тарихи, ұлттық ерекшелігін, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың жас ерекшелігін, олардың жаңалықты қабылдау қабілеті деңгейлерін қатаң түрде ескерген жөн деп ойлаймыз.
Бұл – Қазақстандағы білім беру саласында атқарылып жатқан реформалар, іс-шаралар туралы қалың бұқараның ойында жүрген пікір. “Ел болам десең, бесігіңді түзе”, дейді халық даналығы. Болашақ ұрпағымыз сауатты, білімді, білікті, өзі қатарлас азаматтармен терезесі тең және бәсекеге қабілетті болсын десек, мемлекетіміз әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылсын десек, осыны естен шығармағанымыз абзал.
Клара АТЫҒАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты,
Дана ҚУАНДЫҚОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.