«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРЕҢ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛЫ

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар отандық тарих ғылымын зерделеуге жаңаша көзқарастың енді қалыптасып келе жатқан кезі еді. Бұрмаланған тарихымызды қайта қарап, ондағы “ақтаңдақ беттердің” орнын толтыратын уақыт туып, тарих ғылымына дұрыс пайымдаулар, методологиялық ұстанымдар ене бастады. Сан ғасырлық тағдыры бар сірі тарихымыздың тамырына қан жүгіріп, білімімен дараланған жас мамандар көбейді.

Өзім жұмыс істейтін М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де бүгінде тарих мамандығы бойынша екі магистрант білім алуда. Оларға сырға толы солтүстіктің әлі де болса құпиясы ашылмаған, көмескілеу тарихы зерттеу нысандары етіп берілді. Яғни, олар “Солтүстік Қазақстан облысының қалыптасу және даму тарихы” және “Петропавл қаласының тарихы” тақырыптары бойынша көлеңкелі өлкенің беймәлім тұстарын анықтауда ғылыми жобаларын қорғамақ. Марғасқа ақын Мағжан Жұмабаев бірқатар еңбектерінде “Қызылжарданмын” деп жазуының астарында Петропавл қаласының орнында кезінде “Қызылжар” атты елді мекеннің болғандығын айғақтайды. Аталмыш тақырыптарды таңдауымыздың негізгі себептері де осы.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарих ғылымына, оның ішінде Отан тарихына деген қолдауын жыл сайынғы Жолдаулары мен сұхбаттарынан байқауға болады. Соның нәтижесінде Қазақстан тарихының ғылыми негіздерін терең зерделеуді мақсат ететін іргелі зерттеу бағдарламалар қабылданып, жаңа ұлттық көзқарас пен өркениеттік әдіснамалық негіздегі жаңалықтардың дүниеге келуіне бірқатар ғалымдарымыз атсалысуда. Аталмыш бағдарламалар аясында ұлт тарихына қатысты жаңа дүниелердің тұжырымдамалық және тұғырнамалық негіздері жасалды. Халқымыздың тамыры тереңде жатқан тарихи қазынасын зерттеу мен жинау бағытындағы мемлекеттік “Мәдени мұра”, “Ғылыми қазына”, “Халық тарих толқынында”, “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жан-жақты ізденіс жұмыстары мен ғылыми-зерттеулердің шоқтығы биік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында жастардың өз елінің, жерінің, халқының тарихын білу керектігін ерекше атап өтіп, ел тарихының сана сүзгісінен өтіп, қайта зерделенуіне баса мән берді.

– Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек, – деді Президент.

“Ешкіммен соғыспай жай жатқан елдің” қатпар тарихын ұлағатты Ұлытау өлкесінде айтқанында үлкен мән, терең тағылым, мемлекеттік мүдде жатыр. Ұлытау деп аталуының өзінде тарихи мағынаның желі есіп тұратындығын, оның киелі топырақ екендігін:

– Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең, қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң, Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң, Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз – өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық, – деп болашақтың бағбандары – жастарға өнеге айтты.

Иә, біздің тарихымыз жер астында жасырынған мұраларда, сыры ашылмаған ескерткіштерде, құпия жазбаларда жатыр. Оны жан дүниесімен түсінген адам басынан небір зұлматты өткерген кешегі бабаларының орындалған бүгінгі асыл арманы есіл егемендіктің мәңгілік болуына қылдай да болса үлесімді қоссам дейді. Ал өткенді білмеген өреннің, қан қақсатқан ғасырлар мен жылдарды ой елегінен өткізбеген жастың тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағына тигізер пайдасы некенсаяқ.

Ел Президентінің келер жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өту қажеттігі жайлы ойы енді ғана күнтізбе табалдырығынан аттағалы тұрған жылдың ең маңызды жаңалығына айналды. Қазақ халқының сан ғасырлық қалыптасу тарихы бар екендігін айтқан Елбасы:

– Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар? Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн, – деді.

Бұл қазақ халқында мемлекет болған емес деген сумақы сөзбен сұқтанған бәз біреулерге берілген нақты жауап Атырау мен Алтайға дейін созылған ұлан-байтақ жерді ен жайлаған қалың қазақтың мерейін өсіріп, мәртебесін бір асқақтатты.

Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толмақ. Бұл да – тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі айшықты мерекелердің бірі. Қазақтар – көпұлтты ортада тату-тәтті өмір сүрудің сан ғасырлық мектебінен өткен этнос. Тағдыры мен мемлекеттік билігі жат қолына қараған патшалық құрылыс тұсында да, кеңестік жылдарда да ешкімді бөтенсінбей, бауырына тарта алды. Тәуелсіздік тізгінін қолға алғаннан бері аз халықтарға көрсетіп отырған қамқорлығы айдай әлемге мәлім. Елбасының бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық мәртебеге ие болуының өзі неге тұрады?! Халқымыздың дос көбейтпек қасиетін ендігі ниеті дұрыс қазақстандық халықтар әбден түсінді. Ұлттық идеяның бірлік сегменті азаматтық, отаншылдық тұтастықты қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздікті бекемдеуге бағышталған, оның астарында мәденитілдік бірізділікке қол жеткізу есебі жоқ.

Елбасының жақында ғана Қазақстан халқына жолдаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауының да бүгінгі әлемде мемлекеттер арасында қарым-қатынас күрт өзгеріп, Таяу Шығыста террористік ұйымдардың белең алуымен, Шығыс Еуропадағы келеңсіз жағдайлардың туындап, экономикалық дағдарыстың тереңдей түскен уақытында еліміздің бірлігі мен тұтастығын, тыныштығын сақтап қалу мақсатында жолданған маңызды құжат. Сонымен қатар, Отан тарихын білуге, құрметтеуге және сол арқылы қазақстандықтардың бойында отансүйгіштікті қалыптастыруға деген қажеттілікті арттыра түскендей. Осыған орай Елбасы ұлттық тарихты білуге, оны жандандыруға ерекше көңіл бөлу үшін оны мемлекеттік нысанға алу керек екендігін халқына риясыз жеткізуде.

Мемлекет тарапынан тарих ғылымына, мамандығына ерекше назар аударылып, кезінде түрлі себептермен жабылып қалған, басқа мамандықтарға қосылып кеткен тарих факультеттері қайта бой көтерді, ұмытыла бастаған Қазақстан тарихы кафедралары қайта жанданып, бұл саланың дамуына жаңа серпін берді. Отан тарихын зерделеу және насихаттау арқылы білім алушы жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын бойларына сіңіре отырып, еліне, жеріне, халқына адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі қоғам алдында тұрған басты міндет.

Ұлтымыздың боямасыз кейпіне ұқсас Қой жылында еліміз өз егемендігін жариялады. Содан бері талай-талай игі істер атқарылды. Тәуелсіздік алған жылдары бұтақ ұшындағы жапырақтай қалтырап, ертеңіне күмәнмен күй кешкен Қазақстан бүгінде әлемнің барлық елдерімен иық теңестірер дәрежеде күн сайын қарыштап келеді. Дағдарыстың салқыны жанымызды жанап өтті демесек, береке мен мерекеге қарық қылған Жылқы жылына алғыс жаудырып, оны өткеннің қойнауына қалдырып, елдік деңгейдегі іргелі мерекелерімен мәз қылатын 2015 жылға бет бұрмақпыз.

Ақмарал ИБРАЕВА,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих және

әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp