Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері террористік тұрғыда осал нысандарға жыл басынан бері 70 тексеру жүргізді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері медициналық және білім беру мекемелерінің, сауда үйлерінің және адам көп жүретін басқа да орындардың қауіпсіздігін назарға алады.
Петропавл мен облыс аудандарында террористік тұрғыда осал нысандарда 32 кемшілік анықталды. Ұйымдардың басшылығына анықталған олқылықтарды жою бойынша ұйғарымдар жіберілді. Мәселен, өңірдегі оқу орындарының бірінде мекеменің төңірегі бейнебақылауға алынбаған, бейнежазбаларды сақтаудың арнайы ережелерде белгіленген мерзім сақталмаған. Персонал да террористік қауіп кезіндегі әрекеттерден бейхабар болып шықты.
«Сын сағаттағы әрекеттерді жақсы білген жөн. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаны қабылдағанда тұтқаның арғы жағындағы адамды соңына дейін тыңдап, нақтылайтын сұрақтар қою қажет. Өйткені қоңырауды қабылдаған адам өз басшылығын барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс. Кейін жедел қызметтерге хабарлап, алғашқы эвакуация шараларын қолға алу керек», – дейді экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Спартак Қабденов.
Өңірде террористік тұрғыда осал 600 нысан бар. Оларды басшылары қауіпсіздікті реттейтін техникалық құралдармен қамтамасыз етуге міндетті. Адамдар көп жүретін орындар бейнебақылау жүйесімен бақылануы тиіс. Дағдарыс жағдайында адамдарды шұғыл түрде ақпараттандыратын жүйемен, күзеттік жарықтандырылумен және өрт-күзет дабылымен жарақталуы қажет. Күзетілетін аймақтарда адамдарды өткізу режимі сақталуы керек. Стратегиялық, аса маңызды және қауіпті өндіріс нысандарына инженерлік-техникалық нығайтылу тұрғысында қосымша талаптар қойылады. Мекемелердің басшылары өздеріне қарасты нысандардың қауіпсіздігіне жыл сайын қаржыландыру бөлуді қарастыруы қажет. Өрескел заң бұзушылықтарға жол берген 4 нысанның басшылары «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және тиiсiнше орындамау» бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Енді олар 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
www.inform.kz