Теріскей өңіріндегі қазақ өнерінің қасиетті қарашаңырағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының шымылдығы алғаш түрілгелі бері 25 жыл өтіпті. Өнер ордасының ширек ғасырлық тойына орай Қызылжарда бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, жұртшылық мерекелік кешке куә болды.
Театр тойына жиналғандар алдымен руханият ордасына есімі берілген Сәбит Мұқановтың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Qyzyljar Creative Center»-де «Тамырын тереңнен алған Сәбең театрының дара жолы» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға жиналғандар өңірдегі театр өнерінің тарихына тоқталып, 25 жылдағы жетістіктерді қорытындылады. Конференцияға белгілі өнертанушылар, театрдың негізін қалаушы өнерпаздар мен аға буын өкілдері қатысты.
1999 жылы сол кездегі Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтының Татьяна Қасымқызы, Есмұқан Обаев, Талас Камасиұлы сынды сахна майталмандарының тәлімін алған бір топ студенті арнайы шақыртумен Қызылжарға бет бұрған еді. 6 желтоқсан күні режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек ерткен бір топ қыз-жігіт мінген пойыз теріскей вокзалына келіп тоқтады. Әуел баста Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қабырғасында еңбектенген өнер ұжымы 2000 жылдың көктемінде жаңа ғимаратқа көшті.
Теріскейдегі бекзат өнердің тарихы ширек ғасырмен шектелмейді. Өткен ғасырда өңірде өнер ордасы жұмыс істеп, қазақ театрының қазығы қағылған. Бұл туралы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева баяндады. Зерттеушінің сөзінше, қазақ даласындағы алғашқы өнер ошақтары ХІХ ғасырдың соңында ашыла бастаған. 1919 жылы Қызылжарда жастар ұйымы ұйымдастырған театр үйірмесі жұмыс істегені туралы деректер бар. Қаладағы қазақ театры ең алғаш 1936 жылы ашылған. Оған жер-жерден өнерлі жастар қабылданыпты. Олардың жергілікті көрерменге Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойылымдарын ұсынғанын архив сөрелеріндегі құжаттар дәлелдейді. Жастар ауыл-ауылды аралап, спектакльдер мен концерттер қойған. Алайда игі істің адымы қысқа болып, тоталитарлық жүйе театр қызметкерлерін де нысанаға алады. 1938 жылы аталған ұжым Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына көшірілген.
Бекзат өнердің шоғы ғасыр басында қайта тұтанып, Қызылжардың рухани өмірі жанданып, жаңа театр ашылды. Ербол Шүкіров, Біржан Жалғасбаев, Баатырбек Шамбетов, Аида Сұпатаева, Талғат Сыдықов, Болат Мамытбеков, Кенжекей Ақжолова, Шолпан Айтыбаева сынды дарынды жастар өнер әлеміндегі алғашқы қадамын Қазылжарда аттап, жас театрдың іргелі руханият ордасына айналуына елеулі еңбек сіңірді. Содан бері Сәбең атын иеленген ұжым жұртшылықты ойлы туындыларымен, құнды қойылымдарымен қуантып келеді.
Конференцияда қызылжарлықтарды айтулы мерейтоймен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов құттықтады. Іс-шарада сөз алған облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев театрдың ашылу тарихы туралы әңгіме қозғап, осынау игі іске атсалысқан Қажымұрат Нағманов, Қуат Есімханов сияқты азаматтарды еске алды. Ақшаның тапшы, заманның тар кезінде жөндеу көрмеген ғимараттан өнер сарайын жасап, оған мамандар тартып, ішін көрерменге толтыру сол кездегі ел тізгінін ұстаған азаматтарға оңайға соққан жоқ.
Жаңадан ашылған театрға режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек басшылық етіп, жастарды ортақ мүдде жолына жұмылдырды. Сол кездегі қиындық пен қызықтың бәрін бастан өткерген жанның айтары да көп.
«Театрда әр күн сайын бір оқиға болып жататын. Оның бәрі есімде. 25 жыл бұрынғы ұжымның жұмысы мұхитта мұз жарып бара жатқан кемені еске салады. Жастардың өнерге деген ынтасы соншалық, қойылымға таңғы сағат төртке дейін дайындалатынбыз. Әртістерге сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағманов көп қолдау көрсетті», – дейді Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек.
Конференцияда Қызылжардағы қазақ театрының өткені мен бүгінінен сыр шертетін кітаптың тұсауы кесілді. Жинақтың авторы – өнертанушы Балжан Бекмағанбетова.
Кешкісін театр ғимаратында мерейтойлық концерт өтіп, жұртшылық мерекелік кештің куәсі болды. Залға жиналған көрермен 25 жыл бұрынғы сағынышқа толы сәттерді қайта еске алып, сол кездегі алғашқы өнер ұжымын құрмет-қошеметпен қарсы алды. Ширек ғасыр өтсе де қызылжарлық ағайынның сүйікті өнерпаздарына деген ықыласы суымапты.
Ширек ғасыр ішінде өнерпаздардың ізденісі арқасында жүзден аса туынды сахналанып, жаңа бейнелер көрерменмен қауышты. Бірнеше жыл бұрын жаңа ғимараттың шымылдығы түріліп, театрдың екінші тынысы ашылды. 2023 жылы театр ұжымы Грузиядағы ІV халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, «Кукарача» қойылымы «Ең үздік интерпретация» аталымын иеленіп, актриса Жанар Насырова «Үздік шетел актрисасы» атанды. Театр жанынан құрылған «sensitive» би театры Испаниядағы халықаралық фестивальде бас жүлде еншіледі. Ал Ресейде өткен моноспектакльдер фестивалінде Думан Адыкенов сахналаған «Жындының жазбалары» қойылымы жоғары бағаланып, актер Асылхан Разиев жүлделі үшінші орынға ие болды. Театр қабырғасындағы «Шабыт» би ансамблі Алматыда халықаралық би байқауында бірінші, екінші орындармен марапатталды. Биыл Түркістанда өткен «Қазақтың Құрманбегі» фестивалінде «Мөлдір махаббат» драмасы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Мерейтойлық концертте өнер ұжымын мерейлі белесімен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов құттықтап, өңір басшысының құттықтауын оқып берді.
«Сіздерді 25 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Жаңа мыңжылдықтың басында құрылған театр – өңірдің рухани шамшырағы әрі ұлттық өнерді дамытуға баға жетпес үлес қосып келе жатқан маңызды мәдени орталық. Сіздердің қойылымдарыңыз терең мағынасымен, шынайылығымен және жоғары кәсіби шеберлігімен көрерменді тәнті етіп келеді. Театр әртістері көптеген халықаралық фестивальдердің лауреаты атанып, ел мақтанышына айналды», – делінген облыс әкімінің құттықтауында.
Іс-шарада көпжылдық еңбегі үшін театр ардагері Рашида Ибраева «Еңбек ардагері» медалімен, бас маман Динара Қаратаева, актриса Мақпал Серкебаева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Театр ардагері Ғалия Жұмағұлова, менеджер Қайрат Асылтаев, қойылым бөлімінің меңгерушісі Сержан Емелов, көркемдік жетекші Дәурен Тойбазаров облыс әкімінің Алғыс хатын, бас дирижер Марат Жакупов, комендант Ләззат Казиева, реквизит цехының меңгерушісі Ақтілек Балқыбекова және т.б. мамандар бейінді басқарманың Алғыс хатын иеленді. Мерейтойға орай өнер ұжымына Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің құттықтауы табысталды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».