Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров диқандармен кездесті. Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті әңгіме өзегіне айналып, маңызды мәселелер сөз болды. Әсіресе мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары талқыланды.
Жиынға төрағалық еткен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру жайына тоқталғанын атап өтті.
– Өңірде 5,5 миллион тоннадан астам дәнді-дақыл жиналды. Жалпы түсім жаман емес. Өнім берекелігі – гектарынан 19,6 центнер. Ауқымды жұмыстар алда. Қолайлы ауа райын пайдаланып, қалған астықты жинап алуымыз қажет, – дей келе Ғауез Торсанұлы облыста майлы дақылдарды ору қызу жүріп жатқанын айтты.
Жиында өңірдің аграрлық әлеуеті мен атқарылып жатқан шаралар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасады. Өткен 8 айда жалпы өнім көлемі 255,7 млрд. теңгені құраған. Нақты индекс көлемі – 109,3 пайыз. Бұл өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 160 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 105, «Қаз-АгроҚаржы» АҚ арқылы 46, форвардтық сатып алу бойынша 7,5 млрд. теңге берілді. Биыл 340 мың тонна минералды тыңайтқыш, 50,6 млрд. теңгеге 1,8 мың техника сатып алынғаны айтылды.
Жиында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев та баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бүгінде Үкімет тарапынан аталмыш салаға қолдау айрықша екенін айта келе жұмыстан нақты нәтиже шығару қажет екенін сөз етті.
– Осындай жиындарда маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік бар. Премьер-министрдің тапсырмасымен облыстарды аралап, әр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесулер өткізудеміз. Түйткілді мәселелерді бірлесе шешуге дайынмын, – деген министр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қандай мәселе толғандыратынын сұрап, жергілікті аграршылар тарапынан демеуқаржы, лизинг, жанар-жағармай мәселесі мен астық инспекциясына қатысты қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Жиын соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аграрлы өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, жалақы төмен екенін айтты. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен осы мәселеге айрықша назар аударуды сұрады.
Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтар мәселесі бар агроқұрылым басшыларын қабылдады. «Целинное-2004» серіктестігінің директоры Серік Ибраев жасымық тұқымының жаңарғанын қалайды. Министр кәсіпкердің өтініші негізінде жасымықтың тұқымын жаңартып, солтүстік өңірге сай келетінін ұсыну қажет екенін, көтерілген мәселені бақылауына алатынын айтты.
«Буденное – СК» ЖШС бас директоры Мустафа Гулиев мал шаруашылығына қатысты сұрақ қойды. 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салған. Мал алу үшін Дания еліндегі әріптестерімен байланыс орнатып, тиісті шартқа қол қойған. Енді төленетін субсидияның көлемін арттыру жайы толғандырып отыр.
– Бұл мәселені көтеріп, тиісті органдарға ұсынысымызды жолдадық. Экономика және Қаржы министрліктері қолдаса, әр басқа 400 мыңнан 700 мың теңгеге артады, – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрі жұмыс сапары аясында Қызылжар ауданына барып, егіс алқабын аралады.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».