«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙ ТҮЛЕКТЕРІНЕ — 50 ГРАНТ

Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов Солтүстік Қазақстан облысының түлектерімен кездесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен жүздесу барысында ректор солтүстікқазақстандық талапкерлерге 50 грант бөлуге ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Петропавлдағы бірнеше мектепке барып, мұғалімдер мен оқушыларға университеттің мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Ғани Нығметов кездесулер барысында инженерлік бағытқа бейім оқушылардың қатары көп екені байқалғанын айтты.

– Өзім төрт мектепте, әріптестерім 5-6 мектепте болды. Жастардың қызығушылығы жоғары. Физика-математиканы сүйіп оқитын балалар инженер болғысы келеді. Болашақта атом электр стансаларында жұмыс істеуді қалайтын талапкерлермен де сөйлестік, – деді ректор.

Техникалық мамандықтарды меңгергісі келетін теріскейлік жастар үшін оқу орнында барлық жағдай жасалған. Оларға жатақхана ұсынылып, студенттер 4 жыл бойы алаңсыз білім ала алады. Жастарды қолдау мақсатында университет бірден екі бағдарлама ұсынуда. Біріншісі – 50 грант бөлінетін жоба, екіншісі – арнайы олимпиада.

– Шәкіртақы төленеді. Олимпиада жеңімпаздарына грантпен қатар қаржылық қолдау көрсетіледі. Құжаттар 2 наурызға дейін қабылданады, – деп түсіндірді Ғани Нығметов.

Алматы энергетика және байланыс университеті – Орталық Азияда энергетика, телекоммуникация және ІТ-технологиялар бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Түлектері «Болашақ» бағдарламасына белсенді қатысып, шет елдердің беделді университеттерінде магистрлік және докторлық дәрежелерін алуда. Жоғары оқу орнының түлектері елімізде ғана емес, Ресей, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Канада елдерінде өз салалары бойынша жоғары сұранысқа ие.

Ал теріскейлік талапкерлерге аталған оқу орнына түсу үшін Алматыға барудың қажеті жоқ. Құжаттарды онлайн тапсыру мүмкіндігі қарастырылған, бұл ауылдық жердегі мектеп бітірушілері үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp