«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ТЕРІСКЕЙ» ӘН САЛҒАНДА ТАМЫЛЖЫТЫП…

2017 жылы қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Теріскей» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бүгінде әнсүйер қауымның көзайымына айналған. Ұмытылуға шақ қалған халық әндерін кеңінен дәріптеуді мақсат еткен ансамбль құрамында 12 өнерпаз бар. Олардың барлығы ұлттық музыкалық аспаптарды жетік меңгерген.

– «Теріскей» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрар кезде көп ойландық. Қазақтың төл өнерін дамытуға басымдық беруді басты ұстаным еттік. Көрерменді қазақтың халық әндерімен, аттары аңызға айналған композиторлардың туындыларымен, ұлттық рухани құндылықтармен молынан сусындатуды көздедік. Бұл арманымыз орындалды деп айта аламыз, – дейді өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Санжар Ильяшев.

Ансамбль мүшелері мәдени шаралардан бөлек, түрлі фестивальдарға, өнер додаларына қатысып тұрады. Аудандар мен шалғай ауылдарды аралап, ондағы ұлттық өнерге сусаған жұртшылықтың шөлін қандыруға өз үлестерін қосуда. Бүгінде ансамбльдің қоржынында 200- ден астам шығарма бар. Өнер ұжымы шетелдік композиторлардың туындыларын өз деңгейінде орындауға машықтанған.

Қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедали Испановтың айтуынша, «Теріскей» фольклорлық ансамблі көпшілікке тың өнерімен танымал.

– Өткен жылы Ресей Федерациясының ұлттық мерекесіне орай Омбы губернаторынан шақырту алып, гала-концертке қатыстық. Онда біз қазақтың халық әндерін орындадық, мәдениетімізді, өнерімізді паш еттік. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін, Шәмшінің әндерін ансамбльдің орындауында тыңдаған Ресейдегі қазақтардың қуанышында шек болмады. Жақында ғана ансамбль есеп беру кешін өткізген болатын. «Теріскейдің» ән қоржынын байыту бағытында атқарылатын жұмыс көп, – дейді Мұхамедали Испанов.

Қала тұрғыны Гүлбаршын Жұбантайқызы – «Теріскей» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің тұрақты көрермендерінің бірі.

– Мен мәдени шаралардан қалыс қалмауға тырысамын. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның, Сәбит Мұқановтың есімін иеленген қазақ сазды-драма театрының концерттері мен қойылымдары көрерменді рухани байытуға септесуде. Өзім сүйіп тыңдайтын «Теріскейдің» тамылжыта салған әндері рухыңды оятып, көңіліңді сергітеді. Әсіресе қаракөз қыздарымыз бен ұлдарымыз қазақтың ұлттық киімін киіп, әртүрлі аспаптарда ойнап, халық әндерін құйқылжыта шырқағанда керемет сезімде боласың, – дейді ол.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp