«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІС АҒЫМДАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ ҚАЖЕТ

Теріс пиғылды ағымдар мен радикалды ұйымдарды дәстүрлі діндерден ажырата білу бүгінгі зайырлы қоғам жағдайында діни сауаттылық деңгейінің басты өлшемінің бірі болып табылады. Елдің конституциялық құрылымына, негізіне, егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігі мен халықтың қалыпты өмір сүруіне зиянын тигізіп, іргетасын шайқайтын лаңкестік іс-әрекеттерге төтеп беру әдістерін біліп, оларға тосқауыл қою – өркениетті елде өмір сүріп жатқан адамдардың тікелей міндеті. Соңғы кездері жат ағымдардың арбауына түсіп, ықпалына шырмалып жүрген жастар қатарымызда бар. Жас ұрпақ қоғамдағы осал топ болғандықтан, олардың санасын жаулап алу радикалды ағымдарға ешқандай қиындық тудырмайды. Радикалды ұйымдар ұрымтал сәтті пайдаланып, елдегі саяси ахуалды ушықтырып, экстремистік сипаттағы әрекеттер жасайды. Міне, осы діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Елбасы Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны бекітті.

Осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау аясында жуырда Достық үйінде жасөспірімдердің діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, радикалды діни ағымдарға төтеп бере алу қасиетін ояту мақсатында Дін істері жөніндегі басқарманың “Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау мен дамыту орталығы” және Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың “Жастар бастамаларының орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемелері “Теріс пиғылды діни ұйымдар және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізді. Аталған іс-шараға оқу орындарындағы жастар ісі комитеттерінің жетекшілері мен жастар ұйымдары көшбасшылары, белсенді жастар қатысты.

Айта кетейік, осыдан аз уақыт бұрын жастарға дұрыс таңдау жасауға көмектесу, алуан түрлі экстремистік ағымдардың арбауына ілікпеу мақсатында жастардың ақпараттық-насихат тобы құрылған болатын. Топ құрамына мемлекеттік органдардың, мешіттер мен шіркеулердің және жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері енді.

Кездесу барысында жиынға қатысушылар елімізде тұрақтылықты, дінаралық татулықты нығайту мақсатында дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану, бөгде ағымның ықпалына, алдау-арбауына түспеу мақсатында тура жолға бағыттау ісінде көптеген іс-шаралар атқарылып жатқанын айтып, мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді. Сонымен қатар, дін саласындағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері және теріс пиғылды діни бірлестіктер жұмысы мен оларға төтеп беру әдістері қарастырылды.

Кездесу соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты және дәстүрлі емес діни бірлестіктердің қызметі туралы бейнефильмді тамашалады.

Қазіргі кезде халықтың дінге қызығушылығы пайда болған сайын түрлі жаңа, жат және радикалды ағымдар өз жұмыстарын жандандыра түсуде. Осындай қауіпті еңсеру, елдің егемендігін, аумағының тұтастығын, бейбітшілік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер басшылары, тіпті, елдің әр азаматы бар мүмкіндікті жасауы қажет деп білемін. Аталмыш әрекеттерге тосқауыл қойып, олармен күресу – баршаның міндеті.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp