«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Теріс әрекетке төзім жоқ

Дүйсенбі күні әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен жиында бірқатар мәселелер қаралды.

Белгілі болғанындай, сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасы облыстық қорғаныс істері департаменті қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жөнінде талдау жүргізген. Осы орайда жемқорлыққа қарсылық таныту жөніндегі шараларды күшейту қажеттігі айтылды.

Тайынша ауданының әкімі Ержан Иманслям әкімдікте жүргізілетін қызметтік тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлықтың және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың алдын алу шаралары жөнінде айтып берді. Осы орайда аудан басшысына әкімдік қызметкерлерінің құқықтық сауатын арттыру және заңнаманы мінсіз сақтау жөнінде ұсыныс жасалды.

Отырыс барысында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыни мақалалар, азаматтардың арыздары және мемлекеттік органның ұсынымы бойынша қозғалған тәртіптік істер қаралды. Оның бірі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетінің Айыртау ауданы бойынша аумақтық инспекциясының басшысына қатысты болды. Облыстық аумақтық инспекция қатарынан төрт күн бойы, үш сағаттан артық дәлелсіз себептермен қызмет орнында болмаған мемлекеттік қызметші тәртіпке бағынбай, Әдеп кодексінің талаптарын бұзды деген ұсыным жасаған болатын. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде өрескел тәртіп бұзушылық фактісі расталды. Сондықтан әдеп жөніндегі кеңес қыдырымпаз басшыны қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасады.

Ал Айыртау ауданының ветеринария бөлімінің басшысы жергілікті жердегі ветеринарлық станция директорының лауазымына тиісті біліктілік талаптарына сай келмейтін тұлғаны конкурссыз қабылдау туралы заңсыз шешім шығарған. Заңды белден басып, теріс әрекетке барған бөлім басшысы атқарып отырған қызметіне лайық еместігі туралы ескерту алды.

Сондай-ақ, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Бейсенованың қалалық Мәдениет үйі директорының лауазымына талаптарға сай келмейтін тұлғаны уақытша тағайындағандығы анықталды. Осы орайда әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бір ауыздан А. Бейсеноваға қатаң сөгіс жариялауды ұйғарды.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp