«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тері экспортына тыйым салынды

Былғары шикізатын дайындау ветеринарлық-санитарлық бақылау мен қадағалау туралы заңнама талаптарына сай жүргізілуге тиіс. Алайда, көптеген кәсіпорындар мал терілерінің ветеринарлық анықтамасын талап етпестен, сатып алып, тауарды үйлерінде жинайды. Бұдан жануарлар мен адамға ортақ кейбір аурулардың пайда болуы мен таралу қаупі күшейеді.

Бұл бағыттағы нарықты реттеу мақсатында еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі 2016 жылдың 15 тамызында бұйрық шығарды. Онда үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан бастап, алты айға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан өңделмеген мал терісін шығаруға тыйым салынды.

Осы бұйрықты орындау барысында облыс әкімдігі мал терісін заңсыз шығару фактілерінің алдын алу мақсатында 3-5 қараша аралығында рейд жүргізді. Оған жергілікті және әкімшілік полиция қызметі, мемлекеттік кірістер және ветеринарлық бақылау органдары жұмылдырылды. Рейд барысында 180-ге жуық автокөлік тексерілді, заңсыз әрекеттер анықталды. Ветеринарлық ілеспе құжатсыз жүрудің 8 фактісі әшкереленді, соның үшеуі – былғары шикізаттарын тасымалдаушылар. Бұл – рейдтің бірінші кезеңі, тексеріс әрі қарай жалғасын табады.

Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында құқық бұзғандар “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 406-бабында көзделгендей, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ветеринарлық бақылауға жататын жүкті тасымалдау кезінде талаптарды орындамаған жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (әрі қарай – АЕК), лауазымды адамдар мен шағын кәсіпкерлікке немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілерге – 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Сергей КАЛЯКИН,

облыстық ветеринария басқармасының

мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp