
Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы коммуналдық техникалардың қыс маусымына дайындығын арнайы барып көрді. Мағжан Жұмабаев көшесі бойында қаз-қатар тізілген коммуналдық техникалардың жай-күйімен, биылғы қыс маусымына әзірлік барысымен облыс орталығының басшысы Марат Тасмағанбетов таныстырды.
– Биыл Петропавлдың орталық көшелерінің тазалығына баса назар аударатын боламыз. Сонымен қатар, қоғамдық көліктер қатынайтын көшелерді ұдайы назарда ұстайтын боламыз. Алдағы қысқы тазалық жұмыстарымен 7 кәсіпорын айналыспақ. Олардың қатарында “Дорожник Ашық Аспан”, “Дорожник”, “Норд Жолдары”, “СтройАгроСевер” бастаған өзге де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Аталмыш кәсіпорындардың қарамағындағы 169 техника қар шығарумен, механикаландырылған тазарту жұмыстарымен және көктайғаққа қарсы материал төсеумен қазан айынан бастап сәуірге дейін айналысатын болады, – деді Марат Иманбайұлы.
Коммуналдық техникалардың қыс мезгіліне қаншалықты дайын екеніне көз жеткізу мақсатында қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мамандары бірлесіп, тексеру жұмыстарын өткізіпті. Шара барысында арнайы комиссия қолда бар техникалардың барлығының жарамды екендігіне көз жеткізген.
Коммуналдық техникалардың қысқы маусымға дайындығымен танысқан облыс әкімі тиісті кәсіпорын басшыларына қаланың орталығын ғана емес, шеткі аудандарын да назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.