Қоғамымызда мектеп түлектері техникалыққа қарағанда, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды көп таңдайды деген пікір қалыптасқан. Осы пікірдің қаншалықты шынайы екендігін білмек болып “Техикалық мамандыққа талпыныс бар ма?” деген сауалымызды олармен тікелей жұмыс істеп жүрген білім саласы мамандарына жолдаған едік.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының профильдік оқыту ісі жөніндегі орынбасары.
ИӘ.
– Биылғы оқу жылында 47 түлегіміздің 21-і – физика, 3-еуі химия саласы бойынша оқуға түсуге дайындалуда. Соңғы екі жылда мектебімізді тамамдаған 84 түлектің 40-ы математика және компьютерлік модельдеу, автоматтандыру және басқару, ақпараттық жүйелер, тағы басқа да техникалық мамандықтар бойынша білім алуда.
Білім беру саласында мықты құрылған жүйе болса, кез келген қамалды алуға болады. Мектебімізде түстен кейінгі уақытта 8 шеберхана жұмыс істейді. Ерекше дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу барысында шеберханаларды енгізіп, бүгінгі күні соның жемісін көріп отырмыз.
Мұғалімдеріміз баланы өздігінен білім алуға, зертханалық, сарамандық жұмыстар жүргізуге үйретеді, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Оқушылардың ересектері кейінгілерін баулып, шеберханалар жұмысын жандандыру үстінде.
Жыл өткен сайын олимпиада, ғылыми жобалардағы жетістіктеріміз өсіп келеді. Көптеген шәкірттеріміз жоғары техникалық білім алып, бүгінгі күні өз мамандықтары бойынша еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде.
Білім ошағындағы ұстаздар жаратылыстану-математикалық бағыттарға бейім, қабілетті балаларды анықтап, оларды оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін сарқа пайдалануда. Соның нәтижесінде оқушыларымыз еліміздің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге батыл қадам жасауда.
Ақылбек ОСПАНОВ, Ақжар ауданындағы Бестерек орта мектебі физика пәнінің мұғалімі.
ЖОҚ.
– Балалар аталмыш мамандықты дұрыс таңдамайды. Өйткені, бізде өндіріс, фабрика, зауытпен тікелей байланыс жоқ. Біз оны теледидардан, интернеттен көрсетеміз. Бағдарлау жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ ол жеткіліксіз. Баланың мамандық таңдауына қолайлы орта болуы керек. Мысалы, тау-кен өндірісі, химия өнеркәсібі, машина жасау зауыты бар Шығыс Қазақстан облысында техникалық мамандарды даярлау әлдеқайда жақсы дамыған. Біздің жақта ауыл балаларына ол мамандықтар бойынша жұмыс табу қиын.
Тағы бір себебі, қазақ тіліндегі физика пәні оқулықтарының аудармасы сапасыз, балаларға түсініксіз. Қазақ балалары жоғары оқу орнына түскен кезде де мемлекеттік тілде оқитындары аз болады да, олар орыс топтарына ауысып жатады. Қазақ тобы болған күннің өзінде маман жетіспегендіктен, сабақтар орысша жүреді. Интернеттен де қазақ тілінде іздегеніңді табу қиын. Осындай факторлар оқушылардың техникалық мамандықтарды таңдауына кедергі келтіреді. Бұл кемшіліктер жүре түзелер, алайда, оған уақыт керек.
Қазір техникалық мамандықтардың беделін көтеру қолға алынуда. Ауыл балаларын аталмыш мамандыққа тарту үшін мектебімізде техникалық мамандық бойынша оқып жүрген студенттермен, соны бітіріп, белсенді жұмыс істеп жүрген жастармен кездесулер өткізіп, қызықтыруға тырысамыз. Мектепте қолданбалы курстар өтеді.
БЕЙТАРАП ПІКІР:
Нүрикамал ЖҰМАБАЕВА, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:
– Меніңше, оқушылар техникалық мамандықтарды таңдамайды деген пікір сыңаржақты айтылған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақта білім саласы да өзінің бағыт-бағдарын жоғалтып алғаны шындық. Техникалық мамандықтарды қажет ететін өнеркәсіп, зауыт, фабрикалар жабылып қалды да, оқушылардың көпшілігі гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға басымдық берді. Мұғалімдердің бірқатарының сауда-саттыққа кетуі де оқу үдерісіне теріс ықпалын тигізгені анық.
Дегенмен, соңғы кезде техникалық мамандыққа сұраныс артып отыр. 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық білім алу тегін болатыны да аталмыш салаға қажетті мамандар даярлауға оң ықпалын тигізері анық. Аталмыш мамандықтар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндермен тығыз байланысты. Жалпы білім беретін мектептерде физика, математика пәндеріне бөлінген сағат саны аз. Бағдарлама өзгеріп, оқулықтар түрлендіріледі, осының бәрі білім сапасына әсер етеді. Балалар бөлінген сағатта пәнді өз дәрежесінде игере алмайды. Алайда, қазір заманауи технологиялармен жарақтанып, озық оқу-әдістемелік бағдарламалармен жұмыс істеп жатқан мектептердің түлектері нарық сұранысына сай мамандықтарды таңдауда. Тек оқушылар мен ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын үзбей жүргізіп, дұрыс бағыт сілтей білуіміз керек.