«Дорожник Ашық аспан» ЖШС Германиядан сатып алған техникасын тіркете алмай, сабылып жүр. Кедендік және өзге де рәсімдерден өткеніне қарамастан ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы сәйкестік сертификаты мен декларация сұратқан.
Кәсіпкер амалсыздан облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көмегіне жүгінген. 2014 жылы шығарылған техниканы сатып алғаннан кейін талапқа сай кедендік рәсімдеуден өткен. Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының міндетті сертификаттауға жатпайтындығы жөніндегі қорытындысын ұсынғанына қарамастан жергілікті жерде кедергілерге кездескен.
«Дорожник ашық аспан» ЖШС шетелден әкелінген техниканы тіркей алмағандықтан, алдағы жол жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурстардан сырт қалып отыр.
Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов мәселені сот арқылы шешуді ұсынды.
Мұндай жауап қарсы тарапты қанағаттандыра қоймады. Кәсіпкерлер палатасының жиынына қатысқан прокуратура өкілдері аталған мәселеден хабардар екенін, тағы бір пысықтап, құқықтық баға берілетінін жеткізді. Осылайша Германиядан сатып алынған техниканы тіркеу не тіркемеу кейінге қалдырылды.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.