Жоғары оқу орындарында жастарға мемлекеттік тілде сапалы техникалық білім беретін мамандар санаулы. Солардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің көлік және машина жасау кафедрасының аға оқытушысы Серік Әбілмәжінов. Қарағанды политехникалық институтының түлегі біраз уақыт өндірісте тәжірибе жинақтағанымен, 1996 жылы білім саласына ауысып, содан бері техник мамандарды даярлап, түрлі оқу-әдістемелік құралдарды жарыққа шығарды.
21 жылдан бері облыс орталығындағы іргелі жоғары оқу орнында еңбек етіп жүрген білікті оқытушы қазақтілді кадрларды даярлауға сүбелі үлес қосуда. Қазақ бөлімінің студенттеріне “Автомобиль құрылымы”, “Қолданбалы механика”, “Көлік техникасының энергетикалық қондырғылары”, “Автомобильдің электрлі электрондық қондырғылары”, “Инженерлік графика” сынды пәндер бойынша дәріс оқып жүрген оқытушының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдары Білім және ғылым министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен, өзі еңбек ететін жоғары оқу орнының Үлкен алтын медалімен, түрлі деңгейдегі грамоталар және Алғыс хаттармен марапатталған.
– Менің техникалық білім алатын қазақ жастарының саны артса екен деген тілегім бар. Себебі, бұл сала мамандарына сұраныс көп. Бүгінгі таңда қазақ тілінде сапалы техникалық білім алуға барлық жағдай жасалған, әрі оқулықтар да жеткілікті, – дейді Серік Ықыласұлы.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: С.Әбілмәжінов шәкірттерінің ортасында.
Суретті түсірген автор.