«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢГЕНІҢ ДӘЛІЗІ 198 ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН КЕҢЕЙТІЛДІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 1 доллар үшін 198 теңгеге дейін кеңейтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті. “Елдегі валюта саясаты екінші жартыжылдықта өзгермейді. Біздің ойымызша, валюталық дәліз бүгінгі таңда оңтайлы деңгейде. Бірақ қазіргі уақытта доллар бағамы белгіленген межеден сәл асып кеткендіктен, бүгінде биржада доллар бағамы 180 теңгеден жоғары, осы ретте біз валюта саясатының ортамерзімді таргеттеу саясатына көшу қарсаңында доллар бағамының дәлізін 185 теңге плюс 13, минус 15 теңге деңгейінде, яғни 170 теңгеден 198 теңге аралығында етіп белгілеуді шештік”, – деп атап өтті ол.

Сыртқы экономикалық жағдайдың қолайсыздығына қарамастан Қазақстан экономикасы өсіп келеді. 2015 жылдың 1 маусымындағы ІЖӨ өсімі 2,3%-ды құрады. “Үкіметтің жоспары бойынша осы уақыт аралығына шамамен екі пайыздық экономикалық өсім жоспарланған болатын”, – деп атап өтті Қайрат Келімбетов. Банк мәліметтері бойынша, жылдық инфляция 7,4 пайызды құраса, маусым айында 3,9% болды. Ақпан-маусым айлары аралығында инфляциялық процестер азайды. Ақпанда – 6,1%-ды, маусымда – 3,9%-ды. Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 1 шілдеде 28,89 млрд. АҚШ долларын құрады. “Ұлттық қордың активтері 69,028 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде. Естеріңізге сала кетейік, “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қаржы бөлінгендігі себепті резервтер 1,3% кеміген еді”, – деді Ұлттық банк төрағасы.  

 “ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp