Алғаш рет төл валютамыз – теңгені қолымда ұстаған сәт еске түскенде ерекше сезімге бөленгенім ойға оралады. Ол кезде теңге біз үшін тек саудадағы төлем құралы ғана емес, тәуелсіздіктің құндылығы болатын. Теңгенің айналымға енгізілуі егемен елімізде орын алған қуанышты оқиғалардың бірі болды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында елдегі жағдай ауыр еді. Экономиканың барлық салаларында құлдырау байқалды. Өндіріс орындары жабылып, қаржы жүйесі қиындықтарға тап болды. Олай дейтінім, Ресейдің бағаны босатып жіберуі сомды ақша ретінде қолданып отырған республикаларды шығынға батырды. Тіпті, Ресей рубліне деген тәуелділік айналымдағы қолма-қол ақшаның тапшылығына әкеп соқтырды. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізілмей тұрған кезде мен Тимирязев ауданындағы бір кеңшарда есепші едім. Кеңшар тараған соң біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Елдегі тұрақсыздықтың салдарынан саудамен айналысуға тура келді. Бақытымызға орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл шиеленісті жағдайдан шығудың амалын тапты, яғни ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютаны айналымға енгізді. Жағдай тұрақтала берген тұста, әйтеуір, мол тәжірибем ескеріліп, “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамы филиалының ұжымы мені жұмысқа қабылдады.
Тұрғындар ақшасын әл-Фараби, Сүйінбай, Шоқан, Абай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген банкнотқа айырбастағанда, балаша қуанды. Бастапқыда теңгеміздің негізі жеті банкноттан тұрды. Атап айтқанда, 1 теңгеде – әл-Фараби, 3 теңгеде – Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбаев, 50 теңгеде – Әбілхайыр хан, 100 теңгеде – Абылай хан бейнеленген еді. Ұлттық нақыштағы ақшалар халқымыздың қуанышын еселеді. Сондықтан тәуелсіздік пен ұлттық валюта – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Жұмағали УӘЛИБЕКОВ, қаржы саласының ардагері.