Тайынша ауданында Қазақстанда бұрын-соңды қолға алынбаған жоба, яғни сабан қалдықтарынан құрылыс панельдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Бастама Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Айтулы іс-шарада аудандық әкімдік пен білім ордасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат экологиялық әрі берік құрылыс материалдарын әзірлеуге негіз болмақ. Кездесуге қатысқан қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев іске қосылған бағдарлама өңір экономикасына оң әсер етіп, жастардың ғылым мен өндіріске қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
– Өңірімізде өсімдік шаруашылығы қалдықтарынан құрылыс материалдары әзірленетін және де бірнеше маңызды бағытты біріктіретін заманауи өндіріс ошағы ашылды. Жаңа технологиялардың еңгізілуі, ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалану экологиялық таза құрылысқа, ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратуға және жергілікті өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға кең жол ашады. Азықтық емес сабанды пайдалана отырып, сұранысқа ие құрылыс материалдырын шығаруға зор мүмкіндік береді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен әріптестік жалғасын табатын болады, – деді Қанат Мәлгаждарұлы.
Президенттің шикізатты тереңдетіп өңдеу туралы тапсырмасы аясында іске асырылған жобаның құны – 1 млрд. теңге. KZ.ECO desk сапа стандартына сәйкес келетін бұйымдар беріктігімен, ылғалға және отқа төзімділігімен ерекшеленеді, аккредиттелген зертханаларда сынақтан өткен. Қазақстанда патенттелген, РСТ халықаралық патенттеу белгісімен мақұлданған. Жиналған егіннен қалған сабан қалдығы енді пайдалы құрылыс материалына айналады. Өндірістің Тайынша ауданында орналасуының себебі, шикізаттан тапшылық көрмейді, логистика қолайлы, қосымша инвестиция тартуға да игі әсері мол.
– Жоба Мемлекет басшысының «ғылымнан бизнеске» технологиялық дәліз құру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және отандық материалдар мен озық технологялар негізінде экспортқа бағдарланған өндірістерді қалыптастыру жөніндегі стратегиялық бастамаларымен толық үндеседі. Мұның өзі – ғылым мен өндірістің тиімді ынтымақтастығының айқын мысалы. Зауыттың инновациялық өндірістің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Аудан әкімі Берік Әлжанов өндірістік үдерістерге ғылым жаңалықтарын енгізу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, өндірістік шығындарды автоматтандыру және оңтайландыру есебінен тиімділігі артады, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етілуде.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары екі жыл жүргізіліп, 20-ға жуық сынақ өткізілген. Бұл қадам университеттің ғылыми әуелетімен қатар, зерттеулерді нақты өнеркәсіптік шешімдерге айналдырудағы беделін көтереді. Барлық қызмет автоматтандырылған. Жұмысқа қабылданатын 25 тұрғын заманауи жүйенің талапқа сай істеуін қадағалайды. Қондырғыға бір уақытта 5 панель шығаруға болады. Материал 7 минуттың ішінде дайын болады. Осылайша бір күннің ішінде 300-350 панель әзірленеді. Айлық қуаттылық 6-7 мыңға жуықтайды. Алдағы уақытта өндіріс көлемі артады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».