Бұл ежелден келе жатқан ұлттық ойын балалардың денесін шыңдап, шынықтырып, күш-қуаттарын арттырып, аптал азамат болып өсіп-жетілулеріне мүмкіндік жасайды. Жасөспірімдердің бәсеке сезімдерін арттырып, үміткерлік сенімдерін бекемдейді. Қажырлы, қайсар, табанды болуға дағдыландырады.
Кілем, киіз немесе көгалдың үстіне бір бала етпетінен жатады. Екі бала оның екі жағынан барып, аяқтарын оның арқасына салады. Онан соң бірінің аяғын бірі мықтап ұстап алады да:
– Тең-теңімен,
Тезек қабымен.
Ең алдымен сен көтер,
Екеуімізді тең көтер, –
деп әндете жөнеледі. Сол кезде етпетінен жатқан бала қол-аяғын жиып, үстіндегі екі баланы көтеріп, еңбектеп жүреді. Міне, бұл “тең көтеру” деп аталады.
Екі баланы тең көтере алмаған бала жеңілген болып есептеліп, көпке ойын көрсетеді. Ал көтеріп кетсе, тең болған екі бала ойын көрсетіп, тең көтереді.