«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИЯНАҚТЫ ЖҰМЫС, НАҚТЫ НӘТИЖЕ ҚАЖЕТ

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында облыстық әкімшілік полициясы басқармасы бастығының, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандары басшыларының есептері тыңдалды.

Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Бауыржан Рақымжанов құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмысқа жан-жақты тоқталды. Оның айтуына қарағанда, бүгінде облыста құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар қатарында полицейлердің 173 көмекшісі бар. Олардың жәрдемдесуімен биылғы жылдың басынан бері 15 қылмыстың беті ашылып, әртүрлі 73 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Басқарма бастығының айтуына қарағанда, көппәтерлі тұрғын үйлер мен аулалардағы заңсыздықтың алдын алуда пәтер иелері кооперативтері тәртіп сақшыларына қол ұшын беруге қашан да даяр. Әрі бүгінде көпқабатты үйлердің 27 подъезі мен 7 үйішілік аумақ бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілуі қылмыс санының азаюына сеп болып отыр. Ерік Хамзаұлы Бауыржан Рақымжановқа “нөлдік төзімділік” қағидатын насихаттау ісін сайт арқылы күшейте түсуді тапсырды.

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты аудан көлемінде өткізілген шаралар барысын баян етті. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауданда бұрын сотталғандар мас күйінде жасаған қылмыс фактілерінің 28 пайызға артқанын айтып, бұл мәселеге ерекше назар аударуды тапсырды.

Жамбыл ауданының әкімі Иван Турковтың айтуынша, бұл ауданда да қылмыспен күрес мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аудан орталығында 11 бейнебақылау камерасы орнатылған уақыттан бері қоғамдық тәртіп те біршама нығайтылыпты: 1 қылмыс пен 11 әкімшілік құқық бұзушылық ізі суымай ашылған.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp