«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИІМДІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰСЫНЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы жыл басынан бері “Солтүстік” ӘКК” акционерлік қоғамы, “Қызылжар су”, “СҚО әкімдігінің муниципалды телерадиоарнасы” және “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Аудитпен 1 954,8 млн. теңге көлеміндегі мемлекет активтері қамтылды.

Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша 1 170,6 млн. теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 1070,0 млн. теңге жергілікті бюджетке қайтарылуы тиіс. “Солтүстік” ӘКК” АҚ-да негізгі бұзушылықтар бюджеттік бағдарламалардың тиімді орындалмауы, сондай-ақ, жарғылық капиталды толықтыруға бөлінген бюджеттік инвестицияларды пайдаланбау, қарыздар бойынша дебиторлық берешекті, жалдау ақысын, белгіленген жетіспеушіліктерді өндіріп алу жөніндегі шараларды толық көлемде қолданбау бөлігінде анықталды.
Акционері мемлекет болып табылатын “Солтүстік” ӘКК” АҚ-ның басқарма төрағасы қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген, жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 216-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол енді 530,2 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
Облыстық тексеру комиссиясының аудиторлары 2018-2019 жылдары “СҚО әкімдігінің муниципалды телерадиоарнасы” ЖШС-і өз қызметкерлеріне 22,0 млн. теңге сомасындағы жалақыны уақтылы төлемегенін қөз жеткізді. Бұл – Еңбек кодексін өрескел бұзу. “СҚО әкімдігінің “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-ін қоспағанда, аудит жүргізілген үш квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі шығынды сипатқа ие болған.
“Солтүстік” ӘКК” АҚ-ның қаржы-шаруашылық қызметін талдау нәтижелері барысында мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылуы, активтерді басқару бойынша жеткіліксіз менеджменті, экономикалық қайтарымның жоқтығы, сондай-ақ, қаржылық қызметтің тұрақсыздығы анықталды. “СҚО әкімдігінің муниципалдық телерадиоарнасы” ЖШС-нің қаржы-шаруашылық қызметі ағымдағы және қысқамерзімді міндеттемелерін орындауға қабілетсіз болып шықты.
2019 жылы “Қызылжар су” ЖШС-і өтемдік тарифтің енгізілуіне, серіктестіктің Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржыландыру шектеуіне байланысты “Петропавл қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғырту” жобасын іске асыруды уақытында діттей алмауы мүмкін. Қазіргі уақытта 1-ші көтермелі сорғы станциясын және су тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жөніндегі міндеттер орындалмаған.
Аудиторлық іс-шараның қорытындысы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында қаралды. “Солтүстік” ӘКК” АҚ-на және уәкілетті мемлекеттік органдарға бюджет қаражатын өтеу, заң бұзушылықтарды жою және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау жөнінде тексеру комиссиясының тиісті нұсқамасы мен ұсынымдары жіберілді.
Жүргізілген аудит нәтижелері аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының нормаларын тиісінше сақтамайтындығын, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жүктелген міндеттерді толық көлемде орындамайтындығын көрсетті.

Марат ЕБЖАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру
комиссиясының мүшесі.

Сурет https://www.lada.kz/  сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp