“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыруымен жыл сайын қашықтықтан өткізіп келе жатқан “Тиімді ауыл мектебі” атты байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерін – сапалы білім беруді қамтамасыз ету, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында ауыл мектептері педагогикалық ұжымының шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған.
Облыстың жалпы білім беру ұйымдары арасында шығармашылық әлеуеті жоғары және сапалы білім беру мен білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ететін көшбасшыларды анықтауды, білім беру жүйесінде жаңа, шынайы педагогикалық идеяларды, білім беру және бала тәрбиелеуде, мектеп жұмысын ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияны тиімді қолдану әдістерін іздеп табуды және таратуды көздейді.
Байқау 2 кезеңде өткізілді. Аудандық (сырттай) 1-кезең нәтижесі бойынша іріктеліп алынған қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жіберілді. Іріктелген ұйымдардың материалдары (бейнесюжет және портфолио) облыстық кезеңге ұсынылды.
Комиссия мүшелері ұсынылған материалдарға сараптамалық баға беріп, жеңімпаздарды анықтады. Оның қорытындысы бойынша: Аққайың ауданындағы Полтавка орта мектебі – 1-орынды, Мағжан Жұмабаев ауданының Таман орта мектебі – 2-орынды, Қызылжар ауданы Преснов орта мектебі 3-орынды иеленді.
Байқауда портфолиодағы материалдардың жинақталуы мен сапалы безендірілуі, мектептің соңғы 5 жылдағы жетістіктеріне шолу жасауы мен талдауы ескерілді. Онда мектеп ұжымы, балалар мен мұғалімдердің жетістіктері, ата-аналар қоғамдастығы мен әлеуметтік серіктестер жұмысы бейнетүсірілім арқылы баяндалды. Қатысушылардың материалдарында мектептің білім беру ұйымдары арасындағы беделі, оның өзгешеліктері мен инновациялық әлеуеті әр қырынан көрсетілді.
Байқауға қатысушылар “Білім сапасының белгісі”, “Заманауи ақпараттық технологиялар мектебі”, “Мектеп – әлеуметтік-мәдени орталық”, “Денсаулық мектебі”, “Кәсіби өсу мектебі”, “Бірегей тұлғалар мектебі”, “Белсенді ойлар мектебі”, “Біздің жайлы үйіміз” аталымдары бойынша да марапатталды.
Светлана ШӘУКЕРОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының жетекші маманы.