Қазақстандық студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркия, Польша, Ресей сияқты бірқатар шетелдерде оқу мүмкіндігі бар. Биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен білімін жетілдіру үшін шетелге барған төрт студенттің бірімін.
Екі елдің арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімнің аясында бүгінде мыңға жуық студент Польшаның үздік университеттерінде оқып жүр. Өзім жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алып жүргендіктен, шетелде ағылшын тілін жетілдіргенім көп көмек болады деп шештім. Ата-анаммен , жақындарыммен ақылдасып, Польша мемлекетіндегі Лодзь қаласын таңдадық. Бағдарламаға қатысу үшін алғашқы қадам “skype” әлеуметтік желісі арқылы өткізілген сұхбат болды. Польшадағы Лодзь мемлекеттік университетінің профессорымен әңгімелесіп, бағыма орай сыннан сәтті өттім. Университетте ақылы түрде оқитын студенттер де бағдарлама аясында тегін білім ала алады. Тек виза, жол ақысы, жатақхана, тамаққа қажетті қаражатты төлесең болғаны.
Бастапқыда тілді жетік меңгермегендіктен, өзгелермен тіл табысып, қарым-қатынас орнату мәселесі, оқу жүйесін түсіну, жатақханаға орналасу сияқты қиындықтар кездескені рас. Дәрістердің барлығы тек ағылшын тілінде жүргізілді.
Бағдарлама жақсы достар кездестіруіме уақытты көңілді өткізуіме жол ашты. Басқа студенттерге туған жерім – Қазақстан туралы айтып, өзге мемлекеттер жайлы білімімді толықтырдым.
Сабина САТТАРОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУдің студенті.