«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИІМДІ ЖОБАНЫҢ ИГІЛІГІ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы 2018 жылы “Бизнес Бастау” жобасы аясында 2060 солтүстікқазақстандықты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытты. Аудандар бойынша жұмыссыз жандарға іскерліктің қыр-сырын оқытудан Қызылжар, Айыртау және Тайынша аудандары көш бастады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Гүлмира Шоқтыбаеваның айтуынша, бұл аудандардың әрқайсысында екі жүздей адам арнайы оқудан өтті.

Статистикаға сүйенсек, кәсіпкерлік негіздерін үйренуге ниет білдіргендердің екі мыңға жуығы немесе жалпы қатысушылардың 97 пайызы ауыл тұрғындары. Былтыр жоба аясында білім алған жас кәсіпкерлердің 363-і “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы несие ресімдеп, жеке бизнестерін ашу мүмкіндігіне ие болды. Бұған қоса, 2017 жылы оқып шыққан тағы 78 жерлесіміз былтыр өз ісін дөңгелетіп, кәсіпкерлер қатарын толықтырды. Мағжан Жұмабаев пен Тайынша аудандарында 52 жаңа кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілді. 2017 жылы жобаның игілігін көріп, білімдерін жетілдірген Мағжан Жұмабаев ауданының 18, ал Тайынша ауданының 17 өкілі жеке кәсібін дөңгелету мүмкіндігіне ие болды. Ақжар мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 60-қа жуық кәсіпкер шағын несие ресімдеді.

Сондай-ақ, былтыр оқу курстарынан өткен 551 болашақ кәсіпкер “Бизнес Бастау” жобасы аясында құрал-жабдықтар сатып алуға 240 мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алды. Тағы 42 қатысушы шағын қаржы ұйымдары арқылы несие ресімдеді. Қолдаудың бұл түріне қол жеткізген 26 жас кәсіпкер – Айыртау ауданының тұрғыны. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенуде. Сонымен қатар “Бизнес Бастау” жобасының түлектері көліктік қызмет көрсету, азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орындары және сұлулық салондарын ашып, өздерінің бағын сынап көруде.

Мемлекет қолдауына ие болған жерлестеріміздің бірі – Тұрсынхан Ділдәбаев. 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған жоба қатысушыларға кәсіпкерлік дағдыларын, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру негіздерін үйретуге арналған. Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген азамат бір айға созылған оқудан кейін арнайы комиссияның алдында жобасын сәтті қорғады.

Биыл ол облыстық кәсіпкерлер палатасының Уәлиханов аудандық филиалы қызметкерлерінің көмегімен қажетті құжаттарды жинап, “Ердес НАН” жеке кәсіпкерлігін құрды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қаржыландырылып, 2 миллион 240 мың теңгенің грантына қол жеткізді. Сөйтіп, мемлекет қолдауына ие болған ол бұл қаражатқа қамыр илейтін, ұн үгетін құрал-жабдықтар, тоңазытқыш, пеш және тағы басқа қажетті құрылғылар сатып алды.

– Бүгінгі таңда наубайхана ұстау – тұрақты табыс әкелетін кәсіптің бірі. Оған көп қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Маған мемлекет және облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау көрсетілді. Өз жобамды жүзеге асыруыма мүмкіндік беріп, жеке кәсібімді бастауыма, жаңа мамандық алып, ауылдастарымды жұмысқа орналастыруыма жағдай жасады, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта жаңа наубайханада ас атасы нанның түр-түрі дайындалады.

 Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp