«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИІСТІ ЗАҢНАМА ЕСКЕРІЛМЕЙДІ

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Осы орайда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бекітілген жоспарға сәйкес Кодекстің жаңа нормаларын түсіндіру үшін барлық аудандарда және Петропавл қаласында көшпелі семинар-кеңестер өткізді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізу барысында да кәсіпорындардың әкімшілігі және еңбек ұжымдарына жаңа Кодекстің нормаларын түсіндіруде. Мәселен, жыл басынан бері жұмыс берушілерге тексеру жүргізу барысында 5500 жұмысшы қамтылған 125 дәріс-семинар өткізілді.

Сондай-ақ, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарындағы 471 тексеру барысында еңбек заңнамасын бұрмалаушылықтың 1487 фактісі анықталды. Оның 901-і еңбек қатынастары бойынша болса, қалғандары қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға және халықты жұмыспен қамтуға байланысты.

Бұл келеңсіздіктерді жою үшін жұмыс берушілерге 378 ұйғарым тапсырылды. 295 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 47,3 млн. теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жұмыс берушілер еңбекақы төлеу талаптарын бұрмалайды, жұмыс уақыты нормаларын заңсыз асырады, еңбек шартын жасамай жұмысқа алады, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін бұзады, жазатайым оқиғаларды жасырады, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты жұмыспен қамту органдарына бермейді.

Үстіміздегі жылы еңбекақыны уақтылы төлеу бойынша 45 ұйым тексерілді. 45 заңды тұлғаға еңбекақыны төлеу мерзімін бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Жыл басынан бері өндірісте 60 жазатайым оқиға орын алған. Соның салдарынан 66 адам зардап шегіп, сегізі қайғылы аяқталды. 17 адам – ауыр, он екісі – ауырлығы орташа, қалғандары жеңіл дәрежелі жарақат алған. Барлық жазатайым оқиғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергелді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ұжымдық келісімшарттар жасау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қараша айының басындағы деректерге сүйенсек, облыс кәсіпорындарында 3787 ұжымдық шарт жасалған. Бұл – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 95,1 пайызы.

Бүгінде өңіріміздегі 1544 ұйымның басшылары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдар қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқытылып, аттестациядан өтуде.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 834 жазбаша өтініш пен арызды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырды.

Мейрамбек АХМЕТОВ,

облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ақпараттық-сараптамалық

қамсыздандыру секторының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp