Бүгіндері облыс диқандары жаз бойы маңдай терімен өсірген астықты шашпай-төкпей жинап алу үшін қарбалас сәтте егіс алқабында еңбек етуде. Олар күзгі жиын-терім жұмыстарын аяқтауға жақын қалды. Алайда осындай халық байлығына ашкөздік танытып, қара басының қамын ойлайтындар да кездесіп жатады.
Шал ақын ауданындағы агроқұрылымдардың бірінде шарт бойынша жұмыс істейтін «МАЗ» автокөлігінің жүргізушісі қырманнан 10 тоннадан астам бидайды тиеп шығарған. Жаңа астыққа есеп жүргізу кезінде 800 мың теңге жетіспейтіні анықталған. Сондықтан ЖШС-нің құрылтайшысы аудандық полицияға жүгінген. Полицейлер «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде бұл ұрлықтың бетін ашты. Жүргізуші бидайды шығарып, жасырын жерге төккенін және түнде алып кетіп, сатпақшы болғанын мойындаған. Егіс даласында төгілген астық үйіндісі анықталып, қоймаға қайтарылды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Ал Уәлиханов ауданындағы бір шаруашылықтың механизаторы өзінің ашкөздігі үшін жазаланбақ. Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің полицейлері оның жанар-жағармай және жаңа астықтың бірнеше ұрлығына қатысы барын анықтады. Астық жинау науқаны барысында механизатор осындай тәсілмен де қосымша табыс таппақшы болған.
Астық жинау науқаны басталғалы облыс аумағында 20 қылмыс тіркелді және бидай, жанар-жағармай, гербицид пен ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін ұрлаушылар өзіне тиісті жазаларын алатын болады.