«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТНС”-ТІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛА ТҮСТІ

Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылында екі ауыл шаруашылығы құрылымының өндірістік базасы тоғысқан. Олардың бірі “ТНС – 2020” ЖШС-нің “Быковское” өндірістік бірлестігі де, екіншісі “ҚазЭкспорт-Астық” АҚ-ның “Достық дән” ЖШС-і. Соның ішінде алғашқысының егін алқабы мол, барлығы 24680 гектар жерді құрайды, бірлестік оның 21200 гектарында дәнді дақылдар өсіреді. Оның 3400 гектарын – арпа, ал қалғанын түгелдей бағалы дақыл – бидай алады.

– Біздің өндірістік буын бұрынғы “Быковский”, “Ольгинский” және “Афанасьевский” кеңшарларының негізінде құрылған. Барлық техника күші бір жерге жұмылдырылып, бір жерден басқарылады. “Агрос”, “Кейс” және “Вектор” маркалы 20 комбайнымыздың бәрі жаңа, сондай-ақ, бес “ЖВН-10,7” жаткасы, “Джон-Дир” және “Кейс” маркалы 10 егіс кешеніміз, 12 “К-700” және 15 “МТЗ-80” тракторларымыз бар. Қос тіркемелі алты “К-700” және барлық “МТЗ” тракторларымыз танаптан қырманға тасымалында жұмыс істейді. Сол сияқты, “Кировецтердің” қос-қостан екі агрегаты сүдігер және пар жырту жұмысымен айналысып жүр. Биыл да былтырғыдай 3 мың гектарды парға қалдырып отырмыз. Бірлестікте өзіне қарасты алты ауылдан 190-ға жуық адам еңбек етеді. Егін орағында ұзартылған бір ауысымда, ал қырманда екі ауысымда жұмыс істейміз. Бүгінде 3,5 мың гектардың бидайын тура жинап алдық, орта есеппен гектарынан 10,5 центнерден өнім алынуда, – дейді бірлестік басқарушысы Болат Махметов.

Өзіміз де байқағанымыздай, орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Қазір жаңбырдың алдында дестеленген 2 мың гектардың бидайын жинауда. Басында 7-8 мың гектардың егінін бөлектеп оруды жоспарлаған бірлестік енді орақ тактикасын өзгертіп, қалған алқаптарды тек тікелей оруға көшеді. Өздеріне біріккен кеңшар орталықтарының қырмандары тегіс жұмыс істейді. Оның үстіне Афанасьевка астық қабылдау кәсіпорнын қалпына келтіріп, жаңа орақтың астығын қабылдауға дайын етті. Ондағы астық қоймаларын күрделі жөндеуден өткізді. Ал, Сухорабовкадағы орталық қырманда төрт “ЗАВ-40”, бір “БИС-100” механикалық қырмандары іске қосылған. Онда бұрынғы екі алаңнан басқа жалпы көлемі 50 мың шаршы метр жаңа үш асфальт алаңы салынды. Қырман жұмысы жақсы жолға қойылғандықтан, онда танаптардан ағылып түсіп жатқан астық “таулары” байқалмайды. Өйткені, қырманшылар танаптан жеткен тауарлы астықты бірден тазартып-өңдеуден өткізіп, элеваторға жөнелтуде. Бүгіндері олар 3 мың тоннаның үстінде астық тапсырды.

“АсылханАгроның” мұрагері болып келген “ТНС-тің” тынысы ашыла бастағаны аңғарылады. Бұрынғы инвестордан әбден запы болған үлескерлер басында бұған да үрке қарап: “Ойбай, техникаларымызды алып кетті, МТШ және машина аулаларымыз бос қалды, қырмандарымыз қирап жатыр”, – деп шуласқан болатын. Енді бірте-бірте жағдайдың дұрысталып келе жатқанын өздері де көріп отыр. Айталық, ауыл шаруашылығы науқандық жұмыстарына жанар-жағармай толық жеткілікті. Барлық машина-трактор шеберханалары жұмыс істейді. Үлескерлеріне аудандағы ең арзан бағамен бір тоннадан астық қалдығын берді. Бірлестік жергілікті үш орта және үш бастауыш мектепті қамқорлығына алып отыр. Олардың қажетіне биыл 1,5 миллион теңге қаражат бөлді. Жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге толық жинақталған сөмкелер сыйлады. Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дайындау үшін әрқайсысына 10 мың теңгеден ақша берді. Алдағы қарттар айлығында зейнеткерлерге астық қалдықтарын беріп, ақшалай сыйлық ұсынбақшы.

Бірлестіктің мұндай игілікті істері ондағы өндірістік табыстарымен де ұштасып жатқаны қуантады. Қазірде бидайдың тағы 3-4 мың гектары тура оруға келіп қалды. Сондықтан осы күндердегі қолайлы сәтті қалт жібермеуге тырысқан шаруашылық диқандары астық оруды бозқырау түскенше тоқтатпауға тырысуда.

– Күздің аты күз ғой, ауа райына сенім жоқ, бар күшті жұмылдырып, осы бір ашық күндері барынша қимылдап қалуымыз керек. Сәтін салса, орақты қайткен күнде де алдағы 10-12 күннің ішінде аяқтауға тырысамыз. Техникадан кемістік жоқ, егіншілеріміз де жауапкершілікті түсінеді, ендеше, биылғы сыннан сүрінбей өтерімізге сенімдімін. Өйткені, бригадир Петр Сальников, астық артушы механизатор Ақансері Сұлтанов, комбайншылар Александр Скрипник, Жақсылық Жәкенов, Владимир Власов, Вячеслав Диделовский, Айтбай Шайкенов сияқты озаттарымыз – көздеген межеден шығатын жігіттер. Сол сияқты, астық тасымалдаушы Марат Тасмутдинов, жанармай құюшы Жақсыбай Жүзенбаев, “Джон-Дир” тракторшысы Қайрат Есімсейітов және бригадирдің көмекшісі Қайыр Имантаевтар еселі еңбектің үлгісін көрсетуде, – дейді Болат Қинаятұлы.

Бірлестік басшымен бірге Сухорабовкадағы орталық қырман басында болдық. Қырман меңгерушісі Иван Карабельниковтың айтуынша, науқанның нағыз қауырт шағы жүріп жатқанымен, қырманда қарбалас жоқ. Танаптан түскен астық бірден механикалық қырмандарда тазартылып, элеваторға жөнелтіліп жатыр. Астық тасымалымен 10 “КамАЗ” айналысуда, жүргізуші Марат Тасмутдиновтың айтуынша, Ақсуат элеваторы астық қабылдауда мінсіз қызмет көрсетуде.

Тағы бір айта кетерлік оң іс – шаруашылықтың жас механизатор кадрлармен толықтырылуы. Оны аудан әкімдігі механизаторлар даярлайтын курс ашу арқылы шешкен. Былтырдан бері одан бірлестік елді мекендерінен 5 жас оқып келген. Курстың биылғы түлектері Владимир Регнер, Антон Мецлер және Сергей Береговой бүгінде бірлестіктегі орақ жұмыстарының бел ортасында жүр.

Ауылдық округтің аумағындағы екінші шаруашылық – “Достық дән” ЖШС-мен таныстықты оның осындағы астық қырманынан бастадық. Мұнда 500 тонна астық сиятын шағын асфальт алаңы бар. Қырман шетіне әрқайсысының сыйымдылығы 1,5 мың тонналық екі “Бинза” астық сақтағыштары қойылған. Бірақ әзірге қырманға түсіп жатқан астық көрінбеді. Өйткені, жаңбырдың алдында дестеге түсірілген дәнді дақылдар енді ғана жинауға келе бастады.

– Сухорабовка, Новопокровка және Кривощеково ауылдық округтері аумағында жері бар біздің “Достық дән” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіміз биыл 5 мың гектар алқаптың астығын жинайды. Соның ішінде 600 гектарына майлы дақыл – зығыр өсіріп, қалғанына бидай сепкен болатынбыз. Оның 200 гектарын соңғы жаңбырға дейін дестеге салып, жаңа ғана жинап алып жатырмыз. Егін алқаптарымыз өте жасаң болып, осы күнге дейін толық піспеуі себепті ораққа өзгелерден кеш кіріскен жайымыз бар. Бір мың гектардай бидай алқабын дәрілеп жетілдіру амалын жасадық. Оны тура ору үшін дестелеуде жүрген үш “Джон-Дир” комбайнының екеуін тура жинауға қайта жабдықтадық. Ал біреуі дестелеу жұмысын жалғастыруда. Дестеден астық бастыруға екі “Енисейді” шығардық. Ауа райы ашық тұрса, астықты жарты айдың ішінде жинап алуға күш саламыз, – дейді серіктестік директорының орынбасары Кенжеболат Ережепов.

Тәжірибелі диқан Асқар Сыздықов жетекшілік ететін бұл бригадада өз ісіне жетік майталман механизаторлар жеткілікті. Қазіргі сындарлы сәтте серіктестіктің 26 еңбеккері жұмыла қимыл танытуда. Осы күндерде қалыптасқан қолайлы ауа райын пайдаланып, 600 гектардағы тамырынан тік тұрған тұқымдық бидайды оруға кіріскелі отыр.

Қырдағы қайнаған қызу еңбекті көріп, шарықтаған көңілді қайтар жолдың ой-шұқыры су сепкендей еткенімен, оның ең нашар жерлеріне құм төгіле бастағаны үміт ұялатқандай болды. Оны қолға алып отырған “Быковское” өндірістік бірлестігі екенін білетін біз мұны да бір “ТНС”-тің тірлік тынысына баладық.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) қырман меңгерушісі И. Карабельников және бірлестік басшысы Б. Махметов қырмандағы астықты байқап көруде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp