27 сәуірде Қазақстанның сегіз өңірінде ел кубогының 1/8 финалдық ойындары өткізіліп, қарсыластар ширек финал жолдамаларын сарапқа салды.
Жекпе-жектерге қатысқан он алты команданың бірі – біздің өңірдің “Қызылжар” футбол клубы.
Жерлестеріміз бірінші топта өнер көрсетсе де, өздерінен жоғары Премьер-лигадағы қостанайлық “Тобылды” “тобықтан қағып”, ширек финалға шықты.
Жерлестеріміз сырт алаңда ойнағанымен де, қарсыластарына есе жібермей, кездесудің негізгі және қосымша уақыттарын 0:0 есебімен тең аяқтады. Ал жеңімпазды анықтайтын он бір метрлік сынақта 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Жерлестеріміздің ширек финалдағы қарсыласы – ел чемпионы Астана командасы. Матч 25 мамыр күні Петропавлда өтеді.
(Өз тілшіміз).