Жаз айы – қазақ үшін той-думанның мезгілі. Қайын інім үйленіп, кезекті жазғы демалыста ауылға баратын болдық. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, көзді ашып-жұмғанша сырға салу да, құдалық та, үйлену тойы да өте шықты. Той мен жиын-отырыстан кейін қонақтарды шығарып салған туыстардың “Ал, енді өзіміз отырып, бір шай ішейік” дейтін жазылмаған дәстүрінен біз де жаңылмадық.
Жас келінді ортамызға алып, дастарқан жайдық. Ауылда бірлі-жарым қалған қариялар өмірлерінде болған қызықты әңгімелерімен бөлісе бастады. Әңгіме ауаны келін шайынан басталып, абысындардың тақырыбына ойысты. Қарт әжейдің айтып берген оқиғасы отырғандарды елең еткізді.
Әңгімесін жастық шағынан бастаған әже: “Менен кейін әулетке түскен жас келінді отбасына мейлінше тарту менің мойныма жүктелді. Жас келінге отбасында қалыптасқан салт-дәстүрді үйрету қандай жауапкершілігі мол жұмыс екендігін мен жақсы білемін. Ол менің де басымнан өткен жай. Маған үлкен абысыным қамқорлық танытқанын ұмыту қиын. Бір отбасында 7 ұл еді. Үйленгені – әулеттің көпейі. Жас келінге көмектесіп отырып, көзім үстелдің үстінде астан кейін қалған тобыққа түсті. Бала күнімде ата-анамның белгілі бір себептермен сөздері жараспай қалған, болмаса бір-біріне алыс-берісі азайған құрдастарын, туыстарын тобық ойнауға итермелейтіні есімде. Үстелден үлкендер тұрып, үйдің қыз-келіншектері ғана қалған тұста жас келінмен бірден сөзіміз жарасып кетсін деген ниетпен: “Тобық” ойнайық, – деп қолымдағы тобықты белгілеп, жас абысыныма ұсындым. Ол да тартынған жоқ. Мен сұраушы, ол жасырушы болып, ұтқан да, ұтылған да не сұраса, соны береміз деп уәделестік. Дастарқан басында отырған қайын апаларым, қайын сіңлілерім, абысындарым куә. Кіші абысыным екеуміздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз осы тобық ойынынан басталды деп айтсам, қателеспеймін. Әлгі тобықты абысыным көп уақыт бойы ұстады. Әдемілеп мойнына тұмар етіп тағып алыпты. Ол уақытқа дейін екеуміз де бірнеше бала көтердік. Бірде қарасам: мойнына тұмар етіп, тағып алған әлгі тобығы көрінбейді. “Қанша уақыт өтті, ұмытқан болар” деп алда-жалда сұрай қалдым. Үндеместен түйген шашының арасынан тобықты алып шықты. Мен ұтылдым. Абысыныма қолымдағы алтын сақинамды шешіп бердім. Байқасам, бүгінгі күні жастарымыз тобық ойынының қадір-қасиетіне бойламай жүр. Бұл ойын ұмыт бола бастады”, – деп сөзін аяқтады ақ жаулықты әжеміз.
Бұл әңгімені естіген соң тобық ойыны жөнінде білгім келді. Оның маңызы мынада екен.
Тобық ойнауды ниет еткен адам өзімен бір дастарқанда дәмдес болып отырған біреуді ұнатып, оның адамгершілігі мен азаматтығын, уәде-сертке беріктігін сынағысы келсе, әбден мүжілген бір тобыққа жасырын белгі салып, оған: “Мына тобық сізге аманат. Мұны өзім қалаған бір кезде бармағыңның астынан, не болмаса алақаныңнан аламын. Осыны өзім сұраған уақытта қолыма ұстата алсаң, уәдеге беріктігің, азаматтығың, адамгершілігің үшін бір ат мінгіземін. Немесе бір алтын сақина кигіземін. Ал егер алып бере алмасаң, маған не бересің?” – деп көптің алдында ойынның шартын айтып, серттеседі екен. Тобық тығу уақыты бір айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.
Бұл – адамдардың адалдығын сынайтын тамаша ойын. Өзара қарым-қатынасты нығайтып, барыс-келіс, алыс-берісті жиілетіп, өрісті кеңейтіп, досты молайтатын ойынға жасы бір замандастар, абысын, бажалар, бір-бірін сырттай ұнатқан ғашықтар қатыса алады екен.
Мақаланы жазу барысында тобық сақтау ойынына қатысты қызықты оқиғаларды іздестірдім. Өңірімізде Екінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында бір жігіт сүйген қызына тобық ұсынған екен. Бірақ жігіт майданға аттанып, көп ұзамай үйіне “қарақағаз” келген. Ал жігіт болса жау қолына түсіп, тұтқында ұсталыпты. Соғыс аяқталса да, тұтқында болғандықтан, еліне жіберілмей, тағы да айдауда жүрген. Туып-өскен еліне 12 жылдан кейін оралып, жас күнінде берген тобығын сұрағанда, қыз бірден қолына ұстатыпты. Содан екеуі араға он жылдан астам уақыт салып қосылып, тату-тәтті өмір сүрген екен. Осы ойынға байланысты қызықты оқиға Есіл ауданындағы Ақтас ауылында болған. Онда тұрған Зарбап Тоқпанова, немересі Бекзат Тоқпанованың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында егістік басында жұмыс істеп, комбайн, трактордың тілін меңгерген. Ұлттық салт-дәстүрді жатқа білген ол тобық ойынында ешкімге дес бермеген деседі. Бұлақ ауылының тұрғыны Ниған Таймуллин оны сынамаққа бел буып, тобық ойнамақ болады. Біраз уақыт өткен соң егістік басында жұмыс үстінде жүрген Зарбап Тоқпановадан сұрағанда, ол басына байлаған орамалының ішінен тобықты алып шыққан екен. Сыннан сүрінбеген оның басынан өткен тағы бір оқиға ел аузында сақталған.
Ол өзінің түйдей құрдасымен серттесіп, тобық ойнаған. Тобықты жасырушы Зарбап Тоқпанова болған. Екеуі ұтылғанның қолында не болса, соны береміз деп уәделескен. Бір күні малға азық дайындамақ болып арбасын жегіп кетіп бара жатқан құрдасы жолшыбай Зарбап Тоқпанованың үйіне соғып, аяқастынан тобығын сұраған. Онда да ол еш тапжылмастан тобықты қолына ұстатқан. Серттескендей құрдасы ерттеулі аты мен арбасын, ішіндегі айыр, шалғысымен бірге қалдырып кеткен деседі.
Жомарттық, асқан ізеттілік пен аманатқа беріктікті дәріптейтін ойынның ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда алар орны ерекше. Қазіргі таңда жастар арасында белең алған атыс-шабыс, түрлі құмар ойындардан мың есе артық әрі пайдалы ойынның тәрбиелік мәні тереңде екені жоғарыда көрсетілген мысалдардан-ақ түсінікті. Бұрындары ата-бабамыз сүйсініп ойнаған ойынның қазіргі таңда ұмыт бола бастағаны өкінішті. Оны отбасымызда жандандырмақ болып, сіңліммен серттестік. Жасырушы өзім болдым. Әлгі тобықты ылғи да өзіңмен бірге ұстап жүру асқан сергектікті қажет етеді екен. Ойынның ұмытшақтық пен кей-кейде бойды еріксіз билейтін жалқаулықты да жеңетін қасиеті бар болып шықты. Сіңлім мені ұтпақ болып, үйіме таңертең де, түнде де келіп көрді. Ақыры өзім ұтып, бұрыннан көзім түсіп жүрген сырғаға ие болдым. Ойынның арты отбасылық отырысқа да ұласты.
Бақсам, бар мәселе алар сыйлығыңда емес екен. Адамның бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімін молайтып, мына қарбалас уақытта тағы бір отбасыңмен бірге дастарқан басына жиналуыңда екен. Ал сіз тобық ойнайсыз ба?
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.