«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТЕХНИКА ЖАҢАРТЫЛМАҚ

Елiмiздiң экономикасының өн бойына қан жүргiзу мақсатында құрылған “ҚазАгроҚаржы” акционерлiк қоғамы 16 жылдан берi ауыл шаруашылығы саласына серпiн берiп келедi. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның облысымыз бойынша филиалының директоры Дмитрий Веремскийге жолығып, биылғы жылы атқарылған жұмыс жайында сұрап бiлдiк.

– Дмитрий Александрович, “ҚазАгроҚаржы” АҚ облыстық филиалы биылғы жұмыс жоспарын ойдағыдай жүзеге асыра алды ма?

– Өткен 16 жылдың ішінде біраз жетістікке қол жеткіздік. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы 2000 жылы құрылған. Сол күннен 2012 жылға дейінгі уақыт аралығында облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 41,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы кезең ішінде жалпы құны 29,3 млрд. теңгеге 3174 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды.

Ал өткен жылы “ҚазАгро” ұлттық холдингі облысымызға – 57,5, үстіміздегі жылдың 8 айында 36,1 млрд. теңге бағыттады. Филиалымыз құны 19,3 млрд. теңгеден асатын 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Бүгінде 52 инвестициялық жоба iске қосылып, 1048 адам жұмыспен қамтылды.

Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығына 21,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, лизингпен құны 5 млрд. теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Диқандарды 65,5 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі де оңтайлы шешімін тапқанын баса айтып өткен жөн. Қарап отырсаңыз, келтірген бұл ақпарат бүгінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау бар екендігін айғақтайды.

– Үстіміздегі жылы қолға алған инвестициялық жобаларға тоқталып өтсеңіз?

– Биылғы жылы үш инвестициялық жобаны iске асыруды көздегенбiз, әзірге екі жоба iске қосылды. Біздің қолдауымыздың арқасында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Агро-Есіл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 350 бас ірі қара сатып алынып, асылтұқымды репродуктор ашылды. Жуырда бұл ауданның Разгульное ауылындағы “Агрофирма “Приишимский” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі астық сақтау кешені мен дәнді дақылдардың элиталық тұқымын қабылдау, бастапқы тазалау, сақтау, кептіру және жөнелту желісін пайдалануға берді. “ҚазАгроҚаржы” акционерлiк қоғамы қуаттылығы 6 мың тонналық инвестициялық жобаның құрылысына 842,9 млн. теңге қаржы бағыттады. Жылдың соңына дейiн қалған жобаны да жүзеге асырамыз. Мiне, филиалымызға қарасты аудандардағы инвестициялық жобалар iске қосылып, Ұлттық қордан бөлiнген қаражат та жоспарға сай игерiлуде.

– Шұрайлы шабындығы бар облысымыз төрт түлiк мал өсiруге қолайлы. Асылтұқымды мал өсiрушiлерге, ет-сүт өндiрiсiн жандандыру мақсатында шетелдерден iрi қара сатып алушыларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле ме?

– Өңірімізде мал шаруашылығын жандандыру мақсатында шетелден асылтұқымды iрi қара жеткiзiлгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Атап айтқанда, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде еліміз бойынша тұңғыш рет асылтұқымды мал төлін сұрыптау қолға алынып, “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның демеуқаржысы арқылы Мұхиттың арғы жағынан 200 бас абердин-ангус тұқымды тайыншалар сатып алынған болатын. Уақыт өте келе өзге де агроқұрылымдар қызығушылық танытты. Бүгiнде сол малдың тұқымы көбейiп, етi, сүтi нарыққа шығарылып, халықтың қажетiне жарап жатыр.

Ал өзге фермерлер асылтұқымды мал өсiру үшiн шетелге шығып әуреленбейдi. Өйткенi, өз елiмiзде де өндiрiстiк көрсеткiшi жоғары асылтұқымды мал басы артты. Солардан лизингке алып, өзiмiзде өсiрiп көбейтудiң мүмкiндiгi туды. Сөйтiп, жеке қожалықтар шаруасының дөңгелеуiне мүмкiндiк алып отыр. Облыстық филиал мамандарына осы мәселемен келушi фермерлер көп. Оларға бiз осындай мүмкiндiк барын айтып, көбейген мал басын өзге фермерлерге лизингке беремiз. Мысалы, сiз шаруа қожалығының қожайыны ретiнде өз елiмiзде өсiрiлген асылтұқымды iрi қара алсаңыз, мемлекет тарапынан субсидия берiледi.

– Бірнеше жергілікті шаруашылық субъектілері жұмысының жандануына “ҚазАгроҚаржы” акционерлiк қоғамы қолдау көрсеткенiн бiлемiз.

– Иә, жерілікті серіктестіктермен тығыз байланыс орнаттық. Жоғарыда айтқанымдай, біздің филиал ауылшаруашылық техникасын, ірі қара мал және технологиялық жабдықтарды сатып алуға, айналым қаражаттарын толықтыруға лизинг пен субсидиялау бағыттары бойынша жұмыс істейді. Жеткізу мерзімі жылдам және құны нарық құнынан төмен әрі жаңа ауылшаруашылық техникаларын алуға қол ұшын береміз. Сөйтіп, қажетті құжаттарын жинаған шаруалар кеңестік заманнан қалған ескі техникасын заманауи ауылшаруашылық техникаларына ауыстыру мүмкіндігіне ие болады. Атап айтқанда, заманауи “Акрос” маркалы комбайндар, “МакДон” жаткалары, себу кешендері, “К-700” тракторлары, “Джон Дир” дәрібүріккіштері, “КамАЗ” жүк көліктері және тағы басқа техникалар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарды қысқа мерзімде атқаруға ықпал етуде. Нәтижесінде өз өңірімізде өндiрiлген өнiмнiң де сапасы артып, саны көбейiп келедi.

– Соңғы уақыттағы АҚШ долларының өсуi ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiретiн фермерлерге берiлетiн техникалардың бағасына қаншалықты әсер етті?

– Валюта бағамы күрт өскенге дейiн сатып әкелiнген техниканың бағасы қымбаттамайды. Ал егер дәл қазiргi уақытта шетелден әкелiнген техника болса, бағасы қымбаттайтыны сөзсiз. Өйткенi, шет мемлекеттерден елiмiзге жеткiзiлген техниканың құны АҚШ долларымен немесе еуромен есептеледi. Бiрақ бiз фермерлерге техниканы төл теңгемен беремiз.

– Алдағы уақытта ауыл шаруашылығының қай саласына басымдық берiлмек?

– Облысымыздың орналасу аймағы солтүстік болғандықтан, ауыл шаруашылығымен, оның ішінде егін егіп, майлы дақылдар өсірумен айналысуға қолайлы. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның облыстық филиалы бұған дейін асылтұқымды ірі қара сатып алуға қолдау көрсетсе, ендігі кезекте ауылшаруашылық техникаларын лизингке беруге басымдық беретін болады. Соңғы жылдары бұл бағытта біраз жұмыс атқарып, бiрнеше серіктестікке қолдау көрсетіп үлгердік. Жер жыртып, дән сіңіруге, оны жинап алуға арналған техника алуды қаржыландырдық. Өнiмдi сақтау қоймалары да барлық технологиялық талаптарға сай жарақталып отыр. Нәтижесi де жаман емес, жиналған түсiмдi ел iшiнде ғана емес, экспортқа шығару жолдары қарастырылуда. Бұл өз кезегінде өңір және ел экономикасын көтеруге септiгiн тигiзедi.

– Дмитрий Александрович, яғни “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның облыстық филиалы ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiріп, маңдай терімен тапқан жемісін еселендіремін деген әрбір солтүстікқазақстандық кәсiпкердi қолдауға әзiр дейсіз ғой?

– Иә. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қаражатпен қамтып, лизинг негiзiнде ауылшаруашылық техникаларымен және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету. Бiзбен бірлесіп жұмыс iстеймiн деген әрбiр кәсiпкерге есiгiмiз қашан да ашық. Филиалымыздың білікті мамандарынан қажетті кеңесті алып, шаруасын дөңгелетуiне болады.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp