«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙДЫҢ ТӨРЕСІ

Тәубе, заман түзелді, ғасырлар тоғысында Сарыарқаның самалы оңынан соғып, “Самарқанның көк тасы” еріді. Түңдігі бүтін тәуелсіз ел болдық, өз қолымыз өз аузы­мызға жетті. Өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, бодан болған кездері көз жазып қалған ұлттық құндылықтарымыздың небір інжу-маржан жауһарлары қайта жаңғырып, халық игілігіне қызмет етуде.

Сонау 80-ші жылдардың соңында солтүстікте ақ қар, көк мұздың үстінде тұтанған алаудай – әз Наурыздың қайта оралған кезі ұмытыла қойған жоқ. Асылымен қайта қауышқан халықтың қуанышы шексіз еді. Біздің өңірде алты ай қыс түскен қалың қардың көбесі наурызда еркін сөгіле қоймайды. Соған қарамастан, алғаш рет облыс орталығында, барлық аудандарда киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Көңіл толқыды, жанарға жас үйірілді. Қуаныштың көз жасы! Халық мәре-сәре болып, бір-біріне “Жыл басы құтты болсын!”, “Ақ мол болсын!” деген сияқты, бұрын тіл ұшына жиі іліге бермейтін ақ тілектер арнады.  

Нақ сол кезде біз түгілі, бізден үлкендердің де Наурыз туралы білетіндері шамалы еді. Тілім, ділім деп атқа қонған ұлт жанашырлары инемен құдық қазғандай қиналды, ізденді, ел жадында сақталғанның бәрін тірнектеп жинады. Сөйтіп, тарих үшін қысқа мерзімде, Наурыз елімізді мекендейтін барлық ұлттардың ортақ қуанышына, сүйікті мерекесіне айналды. Содан бері Наурыз мерекесін жыл басы ретінде дүркіретіп атап өту дәстүрімізге берік енді. Содан бері көктем Қызылжарға ерте келетін болды. Маған әйтеуір солай көрінеді. Бұл күні еліміздің барлық елді мекендеріндегі сияқты, көне Қызылжардың көшелеріне халық симай кетеді. Солардың жайдары жүздері, шат күлкісі көктемнің шуағымен нұрланып, табиғат-ана ерекше елжірейді.

Осындай жылылықтың, сұлулықтың сырын қасиетті мерекенің тарихы мен табиға­тынан іздеу жөн сияқты. Тарих қойнауынан бізге жеткен бір аңызда Нұх пайғамбар­дың кемесі Қазығұртқа күн мен түннің теңескен уақытында келіп тоқтағаны айты­лады. Зерттеушілер Наурыз мерекесі тойланғалы 127 ғасыр өтті деген деректі де жоққа шығармайды. Ұлы Абайдың “Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейра­мы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен” деуі де, Нау­рыздың тамыры тереңде жатқанын аңғартса керек.

Бейімбет Майлин:

Қазан толы сары уыз

Дастарқанда дәніміз,

Жайдарлымыз бәріміз

Көжесі көп, қыры көп

Қандай жақсы Наурыз! –

деп жырласа, Міржақып Дулатов Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы деп шаттана жазады: “Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кавказ, түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, Наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың жанды, жансыздың тірілуі, кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды”. Ұлы қаламгер осылай дей келіп, қазақтың Наурызға ерекше қуануының түп-тамырын тарқатып береді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр я жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса – құт, ауыр болса жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе. Малсыз қазақтың күні бар ма? Олар сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып шаруасын күйзелтпей, ашаршылыққа ұшырамай, аман-есен өтуді аңсаған. Сол күнге жеткенде, әрине, ерекше қуанған. Ұлыстың ұлы күні қазан толтыра ас әзірлеп, молшылық болуын тілеген.

Расында да, қазақ үшін жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан аман-есен өту үлкен қуаныш еді. “Ау­рулар сауығамын деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз де­ген­дей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, “бәріміз де та­биғаттың бергеніне ортақ­пыз” дегендей, сағынышты көрісулері, жалынды құшақ­тасуларымен Жаңа жылды қар­сы алатын” (Сәбит Дөнентаев).

Өкінішке қарай күтпеген жерден осы қуаныш саф тиылды. Кеңес өкіметі аталмыш мерекені ислам діні тудырған “кертартпа рәсімдер” қатарына жатқызып, 1926 жылы ресми тойлауға тыйым салды. Ислам діні бұл өлкеге сегізінші ғасырдан ене бастағанын, ал Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланғанын ескерсек, бұл қисынсыз, қиянатты шешім еді. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев та осыны дәттейді. “Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек”, – деп жазды ол.

Атақты сөз зергері Ғабит Мүсірепов өзінің күнделігінде: “Қазақтың жылы наурыздан басталады. Жылдың басы жазғытұрғы күн мен түннің теңелуінен басталуы, әрине, дұрыс. Бұл – табиғаттың өзінің жаңаруы, өсімдік те, жан-жануар да бірі бүршік атып, бірі төлдеп, жаңарып, туынды беріп жататын кезі… Күн мен түннің жазғытұрғы және күзгі теңеулерінде қаншама мән, қандай жөн сілтеу жатыр десеңізші?! Туар кез, өсер кез, көбейер кез, тозар кез, ескірер кез десіп тұрған жоқ па?!” – дейді. Наурызға қатысты ойларын Ғабең күнделігіне 1926 жылдан кейін түсірген сияқты. Өйткені, ол “озық” елдердің жыл басын қаңтардан бастауында ешқандай ғылыми ақтау жоқ, күштің еріксіз көндіруі ғана бар, – деп қынжылыс білдіре келіп: “Адам баласы бір кезде өз қылығына өзі әділет жолымен қарап, ғылымға дәл сүйенген кезде, бұл мәселеге бір оралмай қоймасқа керек”, – депті. Жазушының көрегендігіне бас иесің.

Наурыздың табиғаты ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, бір сөзбен айтқанда, тек жақсылыққа негізделген. Содан да, Наурыз біздің елімізде жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, қайырымдылық пен ізгіліктің мерекесі ретінде тойланып келеді. Көктеммен сағыныса көрісетін адамдар бір-біріне небір ізгі тілектерін арнап, жақсы үміттерін аялайды, ал­дағы күндерден тек жақсылық күтеді.

Наурыздың оралуы халқымыз үшін үлкен құбылыс болғаны өз алдына, ол бізді небір ғажайыптармен қауыштырды. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын, көшеге шығып, көңілді ойын-сауықтарға қаты­сады. Мереке бағдарламасы шеңберінде түрлі сайыстар ұйымдастырылып, арнайы құрылған сахналардан ән мен жыр төгіледі. Әр үйде қазан көтеріліп, наурызкөже дайындалады. Наурыз дастарқаны басқа да тағамдармен жайнайды.

Бір қуанарлығы, соңғы кезде адал асқа арақ-шарапты араластырмауға көп көңіл бөлінуде. Ол да тегін емес. Наурыз мерекесі күндері шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге ежелден қатты тыйым салынған. Демек, Наурыз арқылы небір ғажайыптармен қауышып жатсақ, жан дүниеміздің де жылдан-жылға байи түсетіні сөзсіз. Қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке, тағы басқа жағымсыз істерге жол берілмеуге тиіс. Әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн. Наурыз бізге әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн ретінде қымбат.

Тағы да тәубе дейікші, біздің өмірімізде қуанышты күндер, мерейлі мерекелер аз емес. Десек те, қазақтың тіршілігінен, мақсат-мүддесінен, бойындағы асыл қасиеттерінен көрініс беретін Наурыздың мәні де, сәні де, әні де бөлек. Оның астарында қаншама терең ой, айтылмаған сөз, ашылмаған сыр жатыр десеңізші?!

Сонымен, Қой жылы да келді! “Қызық-қуанышқа толы той жылы болғай!” “Аспанында алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Тәуелсіз еліміздің алар асулары биіктей берсін!” “Еліміз аман, жұртымыз тиыш болсын!”… Бүгін Мәңгілік Ел болу идеясын аялап отырған сансыз жүректердің түкпірінде осындай игі тілектер, асыл ойлар толықсиды. Жүзіміз шат, көңіліміз көтеріңкі. Өркениет ауылына түзеген көшіміздің түзу екенін, елімізді бүкіл әлем танығанын, бір күнінен бір күні нұрлы қарашаңырақ – Қазақстанның қасиетті қазақ жерін мекендеген сан алуан этностар өкілдеріне пана болып отырғанын мақтаныш етеміз.

Ойымыз да, тойымыз да ортақ. Кеше ғана Елбасының бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығын атап өттік. Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын ұлттық тарихымыз бен мә­дениетіміздегі маңызды оқиға ретінде тойлайтын күн де алыс емес. Сол сияқты, Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді…

Наурыздың бүгінгі ажары мен мазмұны біздің Тәуелсіздік жылдарында шың­далып, рухани тұрғыдан беки түскендігімізді айғақтайды.

Төрлет, тойдың төресі!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp