«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙЫП СЕКІРГЕНДЕРІ МЕ?

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің екінші және үшінші курс студенттерінің жаппай төбелесі түсірілген бейнетаспа әлеуметтік желі арқылы көпшілік арасында тарап, түрлі келеңсіз пікірлер тудырған еді. Осыған орай жоғары оқу орнының проректоры Ербол Исақаев түсініктеме берді. 

Оқиға қала сыртындағы Есіл өзенінің жағасында орналасқан “Восточный берег” дәмханасының маңында орын алған. Абырой болғанда, жастар арасындағы жанжал жөнінде облыстық полиция департаментіне дер кезінде хабарланған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына шұғыл түрде жақын маңдағы полицияның кешенді күшін және полиция батальонының 11 автопатрулін жіберген. 

– Жастардың айтуы бойынша, асханада тамақ алуға кезекте тұрған жігіттер өзара келіспей қалған. Ақыры мәселені сыртта шешпек болып, кездесу орнын белгілеген. Екі жақ та жанына достарын ертіп келіп, төбелеспек болады. Бірақ оқиға орнына полицейлер дер кезінде келген. Студенттердің көбі оқиға орнынан қашып кеткен. Төбелестің салдарынан зардап шегіп, ауруханаға түскендер жоқ, – деді Ербол Маратұлы. 

Тәртіп сақшылары сол ауданды тексеру барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 46 студентін ұстап, Подгорный учаскелік полиция пунктіне және Петропавл қалалық полиция бөліміне жеткізген.
Оқиғаға қатысы бар студенттердің барлығы жатақханада тұрады. Университет олардың ата-аналарына хабар беруде. Жақын уақытта бұл мәселеге байланысты тәртіптік кеңес отырысы өтеді. Жанжалдың тууына себеп болған екі студент оқудан шығарылып, қалғандары жатақханадан қуылады.
Сонымен қатар Ербол Маратұлы университет ректоры Серік Өмірбаевтың қызметінен кетуінің бұл жағдайға ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Ол жұмыстан кету жөніндегі өтінішті биылғы жылғы 9 қазан күні жазып, Білім және ғылым министрі қол қойғаннан кейін нақты шешім қабылданған.
Ербол Исақаев атап өткендей, аталған фактіге орай Қылмыстық кодекстің “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалып, жүргізілуде. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің, қалалық және облыстық прокуратураның бақылауына алынды.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp