«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙҒА ТЫЙЫМ БОЛМАЙ ТҰР

Елімізде карантин жарияланғалы қоғамдық шараларды айтпағанда, отбасылық жиын-тойларға да шектеу қойылды. Тіпті, сақтық үшін жаназа намазына қатысу тәртібі бекітілді. Алайда, өлімнен қалмайтын қазақ үшін талапқа бағыну оңай болмай тұр. Мейрамханалардың артқы есігінен тығылып кіріп, жасырын той өткізгендері де түсіну қиын. Сол немқұрайдылықтың кесірінен қаншама адам ауру жұқтырып, ажал құшты. Жан-жағын жалынша жайпаған, талай тағдырдың тамырына балта шапқан қауіпті індеттің таралуына өзіміз жол ашып бергеніміз қалай?

Қанша жерден айтсаң да сөз өтпейтін, қоғамда болып жатқан жағдайға селт етпейтіндердің кесірінен жақынынан айырылғандар көп. Кейбір таныстарымыз құдалықта немесе жаназада ауру жұқтырып, қауіпті індеттің құрбаны болды. Маусым-шілде айларындағы ауруханалардағы ажалмен арпалысты бәрі көрді. Сонда да маңдайымызға тимеген сыңайлы. Өмір – адам баласына Алланың берген ең үлкен сыйы, шексіз нығметі. Алайда, өзіне ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп-қатер төндірген жандарға не айтасың?

Жақында Көкшетауда тұратын бөлем Қызылжарда жүрмін деп хабарласты. Айтуынша, қыз ұзату тойына келген. Қазір карантин уақыты ғой, қалайша той жасап жатыр деген менің сауалыма ол еш шімірікпестен жауап берді.

– Жолдасымның әпкесі қызын ұзатты. Той қаланың сыртындағы коттедждердің бірінде болды. Үйдің айналасында биік қоршау. Көлігімізді қоршаудың ішіне кіргіздік. Қазір бір-бірін аңдыған заман болды ғой. Бір мезетте тәртіп сақшылары сау ете қалды. Абырой болғанда, тойдың шырқы бұзылмады. Әйтпесе, алыстан келген құдалардан ұят болар еді. Той иелері таныстарына хабарласып, құқық қорғау қызметкерлерімен мәселені оңай шешті, – демесі бар ма. Тойда кемі 50-60 адам болған. Сонда деймін-ау, осыншама адамның ауру жұқтырып алмасына кім кепіл?

Той – халықтың қазынасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бар жиған-тергенін тойға шашатын көңілі дарқан даладай қазақтың өмірінде той ерекше орын алады. Екі жастың бақытына ешкім де шектеу қоя алмайды. Десе де, бұл тойды кейінге қалдыруға болмай ма? Ал елде орын алған жағдайға қарамастан жастар жаңа өмірге қадам басуды құптаса, көп қонақ шақырмай-ақ құда түсуге болады ғой. Бастысы – ата-ананың рұқсаты. Тойды кейін асықпай, жағдай түзелген соң өткізсе, кім кедергі?

– Жақында келін түсірдім. Бұл қуанышты біз көп күттік. Сондықтан ауылда киіз үй тігіп, 3-4 үстел кісі шақырдық. Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларынан туыстарымыз келді. Үйлену тойын өткізу үшін мейрамхана жалдап қойған едік. Тойды кейінге қалдырдық. Өйткені, қазір тойханалар жабық. Ауылға 200-300 кісіні шақыратындай мүмкіндігіміз болмады. Қауіпті індеттің жолы қашан кесілетіні белгісіз. Баламның жасы келіп қалған соң осылай амалдауға тура келді, – деген Қызылжар ауданының тұрғыны аты-жөнін атамауды өтінді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша, карантин кезінде өңірде енгізілген шектеу шараларын бұзуға қатысты 1678 жағдай орын алған. Соның екеуі отбасылық жиын-той. Кейбір тойхана қожайындарының жауапсыздығын да ескерген жөн болар. Әрине, карантин кезінде қаншама адам табыссыз қалды. Оны да түсіну керек. Әсіресе, мейрамханалар мен басқа да көпшілік жиналатын орындар жабылып, кәсіпкерлер шығынға батуда. Бірақ бұл жасырын той өткізіп, бөгде адамдардың өміріне қауіп төндіруге себеп емес. Мұндай тәуекелдің соңы немен аяқталары белгісіз ғой. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін талап пен тәртіпті қатаң ескерген абзал. Төтенше жағдай режімі енгізілген 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында шектеу шараларын бұзған кафелер мен мейрамханалардың қожайындары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша 8 адам айыппұл төлесе, 19-ы әкімшілік қамауға алынды.

Өңір аумағында мамыр айының екінші онкүндігінде санитарлық дәрігердің қаулысымен карантиндік шектеу шаралары енгізілді. Осы кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығы – көпшілік жиналатын орындардың басшылары. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері карантин талабын ескермеген тұрғындарды тәртіпке шақырғандарын айтты. Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны үйінде отбасылық жиын өткізсе, “Грин парк” демалыс орнында дүркіреп той өткен. Демалыс орнының иесі карантин талаптарын ысырып қойып, үйлену тойын өткізуге рұқсат берген. Жуырда “Royal-Palace” мейрамханасының караоке-барында түнгі уақытта туған күн тойлаған жастардың тәртіп бұзғаны анықталды.

Ал тәртіп сақшыларының құрығына ілікпегендері қаншама? Әсіресе, ауылдағы кейбір ағайын карантинді мүлде есінен шығарған сыңайлы. Пішпе той, қалжа, құдалық сияқты отбасылық жиындар күнде өтіп жатыр. Бірақ қауіпті індетпен күрес жүргізу тек биліктің ғана емес, жекелей адамдардың да міндеті екенін ұмытпауға тиіспіз. Өкінішке қарай, азаматтарда жауапкершілік жағы төмен болып тұр. Әлде өліммен ойнайтындай адам өмірі соншалықты құнсыз ба еді?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp