«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТОЙ МА, ӘЛДЕ ШОУ МА?” (“Солтүстік Қазақстан”, №116, 03.09. 2015 ж.)

“Шаңырақ” қосымшасының өткен санында “Той ма, әлде шоу ма?” деген мақала жарық көрді. Онда Қызылжар қазақтарының тойды қалай өткізетіндері жайында жазылған. Оқып отырып, автордың ойымен келіспеуге болмайды. Шынымен де, қазіргі той-томалақтарда біздің әдет-ғұрыпқа жатпайтын неше түрлі “жаңалықтарды” көріп жүрміз. Қалыңдықтың өз тойында әкесімен би билеуі, сәлем салғаны үшін ақша беру, қыз-жігіттердің ортаға шығып, түрлі ойындарға қатысу кезінде көрсететін жат қылықтарын көргенде, жағаңды ұстайсың. Осының барлығы біздің салт-дәстүрге жолдан қосылған.

Асабалардың ақша жинау үшін ойлап тапқан түрлі әдістеріне де таңғалмасқа амал жоқ. Әйтеуір, келген қонақтың қалтасын қағу үшін бала-шағаға өлең де айтқызып, би де билетіп қояды. Бұл да сырт көзге сын емес пе?

Тойларда, менің тағы бір таңғалатыным, жиналған қонақ асабаның айтқанын екі етпей, орындауға тырысады. Ойын орынды болып тұрса, бөлек әңгіме. Ал енді дүйім жұрттың алдында ұят болатын қылықтар жасалып жатса, қалай соған қарап, шыдап отырасың?! Мәселен, жақында бір тойда болдық. 10-15 қыз бен жігіт ортаға шығып, қаз-қатар тұра қалды. Сәлден соң асаба: “Оңқай дегенде оңға бұрыласыңдар, тоңқай дегенде тоңқаясыңдар, кім қате істесе, ойыннан шығады”,– дегенде мен ішімнен “мүмкін, біреулері қарсылық танытып, кетіп қалар” деген үмітпен қарап едім, жоқ, бәрі келісті. Үлкені де, кішісі де мәз. Сонда біз неменеге жетісіп күлеміз?.. Үлкенді сыйлау, оның алдында инабаттылық таныту деген қазақы тәрбиені қайда, қашан жоғалтып алдық? Асабаның еңкей дегеніне еңкейіп, домала дегеніне домалай береміз бе сонда? “Той ма, әлде шоу ма? деген мақала шыққаннан кейін газеттің №122-123 санында осы тақырып жайында Амандық есімді азамат та өз ойын бір ауыз сөзбен жеткізгенін көзі қырағы оқырман байқаған болар. Өз басым ол оқырманның “Асабалардың басын қосып, ақыл беретін біреу немесе бір ұйым болу керек шығар” деген пікірін орынды деп ойлаймын. Дұрыс айтылған. Асабаларды еркіне жіберіп, айтқанын істей берсек, тойымыз шынымен де шоуға айналып кетпей ме? Асабалар сценарий құрастырған кезде той иесіне көрсетіп, ақылдасып отырса, бетті шымшитын кездер мүлдем болмас еді деп ойлаймын. Өйткені, той-томалаққа еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін барады. Сондықтан да келген қауымның жас ерекшелігіне, жалпы тойдың мән-мағынасына баса назар аударылса, құба-құп.

Құттықыз ҚҰСЕНОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp