“Шілдехана”, “Тұсаукесер”, “Тоқымқағар” сияқты қазақтың әдет-ғұрпына байланысты той-томалақтары жалғаса береді. Бірақ осы тізімнің ішінде бәрінен де жоғары тұратын бір той бар. Ол – отбасылық өмірге қадам басуға ниет білдірген екі жастың неке қию тойы. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, екі жақ бір келісімге келгеннен кейін болашақ қалыңдықтың құлағына сырға салу, төсек-орнын көрсету сияқты салт-дәстүрлер қандай тойдың болсын ажарын аша түседі. Осындай дәстүрлердің сақталуы және жалғасын табуы, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, бұл дәстүрлер халқымыздың ұлттық ерекшелігі. Сондықтан да оларды жастардың көріп, біліп өскені дұрыс. Алайда, қазіргі тойларда біздің әдет-ғұрыпқа жатпайтын неше түрлі “жаңашылдықтарды” да көріп жүрміз. Мәселен, кейбір қыз ұзату тойында болашақ келін әкесімен вальс билегенін көріп қалдық. О заман да, бұ заман, тұрмысқа ұзатылып бара жатқан бойжеткен өз тойында әкесімен би билеп, мәз-мейрам болып па еді?! Сондай толқып, қуанып тұрса да, көзіне жас алып, мұңайып, бауырларымен, ағайын-туыстарымен қимастықпен қоштасып, қазақ қызына тән инабаттылық көрсетсе, жарасып тұрмай ма?
Қазіргі үйлену тойы шоуға айналып кеткелі қашан?! Болашақ келіннің сәлем салуы да сатулы. Жасы үлкенге де, кішіге де қалыңдық иіліп сәлем береді. Ал келген қонақтар шамалары келгенше теңгемен де, доллармен де ақша салуға тырысады. Біреулердің аз салғанын асаба байқап қалса, “Келінің сараң болады, көбірек сал” деп бір шумақ өлеңмен ұялтып жатады. Дүйім жұрттың ортасында кімнің қанша ақша салғанын санап тұратын жеңгелер де аз емес. Мұның аяғы кейін үлкен әңгімеге айналып, кейде дау-дамайға да ұласып жатады. Осының барлығы біздің салтта жоқ. Келін сәлем салса, ол – ата-бабадан жалғасып келе жатқан игі ғұрып. Оны ешқандай ақшамен бағалауға болмайды.
Той, әрине, ойын-қызықпен өтетін салтанат. Бірақ әр нәрсенің өз шегі бар емес пе? Қазіргі тойларда “Ұл ма, қыз ба?” деген ойын пайда болыпты. Бірер минуттың ішінде жігіт пен қыз сәбидің көк және қызыл түсті киімдерін қолдарына алып, әр дастарқан басында отырған қонақтардан ақша жинайды. Соңында қызыл киімнің ішіндегі ақша көп болса – қыз, көк киімнің ішіндегі теңге молырақ болса, ұл болады деп жорамал жасалады. Мұндай ойын да бұрын-соңды болмаған. Әйтеуір, асабалардың келген жұрттың қалтасын қағу үшін тауып алған амал-тәсілінің бірі.
Осылайша, түрлі ойынмен жалғасқан кейбір тойдың дәл ортасына жеткен кезде жалп етіп шам өшіп қалады. Бірер секундтың ішінде әр жерден киімдері жарқыраған қыз-жігіттер шыға келіп, би билейді. Бұл да бір жаңашылдық. Әрине, жастар заман талабына сай тойды түрліше өзгертіп өткізуді сән санайтын шығар. Бірақ той үстінде шамның сөнгені – жаман ырым.
Тойдың өту барысында кішкентай балаларды билетіп, табақпен ақша жинау деген де әдетімізге еніп барады. Баланың өнерін тамашалап, көрген жақсы ғой, бірақ осындайлардың бәріне дастарқандарды аралап жүріп, ақша жинату дұрыс емес. Ақшаның орнына үлкендердің батасын алса, соның өзі салт-дәстүрді насихаттаудың, үлкендерді сыйлаудың, оларға құрмет көрсетудің бір жолы емес пе?
Кейбір тойларда қыздарды ортаға шығарып қойып, бастарын, шаштарын, тіпті, аяқтарына дейін жігіттерге ұстатып, сүйгізетін ұятсыз ойындарды көрген кезде бас шайқаудан басқа амал таппай қаласың. Осындай орынсыз ойындардың бәрі біздің ұлттық құндылықтарымызға көлеңке түсіріп, тойдың мән-мағынасын кетіреді. Ең өкініштісі, осының бәрін көреміз, дұрыс емес екенін байқаймыз, түсінеміз, бірақ бәрібір жұртпен бірге қол соғып, асабаны қолпаштауымызды қоймаймыз. Оған кінәлі кім? Әрине, баласына “қой” деп айта алмаған әке-шеше, немерелерінің ерсі қылығына мәз-мейрам болған ата-әже, қарындастарын допша домалатса да, үндемей қарап отыратын ағаларымыз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бәріміз кінәліміз.
Сондықтан да бұл мәселені қоғам талқысына салып, әр қазақтың санасына жеткізгеніміз жөн. Сонда ғана өскелең ұрпағымызды арзан күлкіден, рухани жұтаңдықтан сақтай аламыз.
Ырысты ҚАСЫМОВА.
Петропавл қаласы.