Тулайды-ау толқын бойымда,
Қуаныш күні, халқым-ай.
Газетімнің тойында,
Қаламын қалай шалқымай?!
“Бостандық туы” – жол басы,
Бүгінге жеткен шақта аман.
Алыптардың ордасы
Болғанына мақтанам!
Туарын жарық алдан күн,
Ағалар ерте жазған ғой.
Қазығын қаққан жандардың,
Дарасы – дана Мағжан ғой.
Ауылдан келген Сәбең де,
Қаламын мұнда ұштаған.
Қара сөзбенен өлеңге,
Қосылды сөйтіп күшті адам.
Баймағанбет те жалындап,
Өз отына өзі күйді айқын.
Әбдірахман да дарынды-ақ,
Жан еді, шіркін, қимайтын …
Асылдың талай саңлағы
Жұлдыздай жанып, өткенмен,
Газетім жолын жалғады,
Күндерді кешіп көшке ерген.
Жамаулы шалбар, көйлегі,
Ашқұрсақ жүрген күндері …
Кедейдің сөзін сөйледі,
Ұжымдасуға да үндеді!
Ал сосын соғыс басталды,
Ел басына күн туды.
Ерлікке баулып жастарды,
Жеңіске бірге ұмтылды.
Сарбаздай болып сын шақта,
Төзе де білген төзімдім.
Өртеніп, күлден тұрсақ та,
Өрге ұмтылған ең ізгім.
Жылдарда сонау бодандық,
Байрағы болдың “көсемнің”.
Саясат еді-ау – ол анық,
Ақ-қарасын шешер кім?
Бәрінен бізге батқаны,
Үзіліп есіл арманың.
Тың көтерілген шақтағы,
Жабылып бір кез қалғаның?!
Нәр алып сенен жүр едік,
Қайнарыңнан қағылдық.
Біраз жыл сонда жүдедік,
Үніңді қатты сағындық.
Тәңірдің сол ғой бергені,
Тың өлке қалды жабылып.
Орныңды алып төрдегі,
Табыстық тағы сағынып.
Заманның болар талабы,
Партияның сөзін сөйледің.
Тазартып бірақ сананы,
Қопарып жаздың ой кенін.
Шөлге де жаңбыр жауғандай,
Мұқтажын елдің көздедің.
Тең ұстадың бір аудармай,
Әділдік, шындық безбенін.
Кеңестік кездің өзінде,
Беделің тапшы емес-ті.
Толысқан, толған кезіңде,
Желтоқсан салқын желі есті …
Еш қалмай өмір ағыннан,
Еркіндікке әр кез ұмтылдың.
Алғы шептен тек табылған,
Үні едің туған жұртыңның.
Әуелгі атың – бостандық
Қайтадан туын ұстандың.
Азаттыққа адым басқан нық,
Еркіндік болды құштар күн!
Бодандық қамыт батып ең,
Тәуелсіздіктің таңы атты.
“Солтүстік Қазақстан” атымен,
Өзіңді қайта жаратты.
Тарихы терең, ұстамды,
Осындай ұзақ жолың бар.
Менің “Солтүстік Қазақстанымды”
Таныңдар, жұртым, таныңдар!!!
Тоқтар ЗІКІРИН,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.