«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЙ ТУРАЛЫ ОЙ

Қазақ – тойшыл халық. Той жасауды, қуанышын көппен бірге атап өтуді жаратқан иеміздің адам баласына сыйлаған қазынасы деп түсінетін қазекең тойдан ештеңесін аяп қалмайды. Ал жоқ болса, несие алады. Әйтеуір той өткізеді.

“Жиған-тергенің тойға бұйырсын”, – дейді үлкендер бата бергенде. Той мақсаты ішіп-жеп, қарын тойғызу емес. Жан-жақты ойластырылған жақсы тойдан ғибрат алып, рухани байып қайтсаң, соның өзі көп олжа. Өкінішке қарай, соңғы кезде тойларымыз өзінің мән-мағынасын жоғалта бастағандай. Кейде той басқаратын асабаларымыз: “… Енді ақ тілекке кезек берейік. Өзбектің тойы – би жарыс, қазақтың тойы – жиналыс”, – деп жиналған көпшіліктің көңілін жеңіл әзілмен көтермек болады. Бұл сөзді естігендер байыбына бармай, мәз болып күледі.

Кейбір тойлар иесінің абыройын бір-ақ күнде аспандатып, атағын айдай әлемге жаяды. Енді бір тойларда адамның жиған абыройы бір-ақ күнде төгілуі мүмкін. Тойды ел алдында есеп беру, үлкен сын деп түсінген жөн. Түсіне білген адамға қазақ отбасы үшін тамыр-таныс, ағайын-туғанның басын қосып, дастарқаннан дәм тартқызу – зор жауапкершілік. Өзін сыйлаған адамды сыйлауға бақ-дәулеті жетсе, кімнің де болса мерейі өсе түспей ме?!

Бізде тойдың түрлері көп. Үйлену тойы, шілдехана, қалжа, сүндет той, тағысын тағылар. Соңғы кездері “Тілашар” тойы жиі өткізіліп жүр. “Той көбейіп кетті”, дейді кейбіреулер. Меніңше, қазақ тұрған жерде той азаймайды. Мәселе – санында емес, қашан, қалай өткізілуінде. Тойға той иесі қалай дайындалса, оған шақырылған адамдар да жауапкершілікті сезініп, даярлықпен барулары керек. Бұл жердегі ең басты кемшілігіміз, әлі күнге тойға кешігіп бару “дертінен” айыға алмай келеміз. Мысалға ауылдық жерде тойдың белгіленген уақыттан бір, бір жарым, кейде, тіпті, екі сағат кешігіп басталатынын жұрттың бәрі біледі. Білсе де, үндемейді. Тіпті, кейбіреулер той тарқап жатқанда табалдырықтан аттайтынына не дерсің?! Міне, осы бір келеңсіз көрініс, жағымсыз қылық қалалық жерде де белең алып бара жатқаны өкінішті-ақ. Бұл енді тіпті обал, біреудің қызығын аяқасты ету, мәдениетсіздіктің ең сорақысы сияқты көрінеді маған. Неге десеңіз, той иесі қаншама мың теңге ақшасын төлеп, шығынданып той жасайтын орынды жалға алады. Жайбасарлығымыздың кесірінен ақысын төлеген қанша алтын уақыт далаға кетеді. Жайылған дастарқан, пісулі тұрған тамақ жайы өз алдында. Сонда біздің “Пісулі тұрған асты телміртпе”, “Дәмнен үлкен емессің” деген ұлағатты сөздеріміз қайда қалмақшы?! Тағы бір жаман әдет – басында той меймандары жиналмай бір әуре қылса, соңында тарқамай той иесін тағы қинайды.

Арамызда тойға келіп тілек айтқан адамдардың көбі бірінің сөзін бірі қайталап, отырған қауымды мезі қылатындығына өкпесі қара қазандай болып жүргендер де аз емес. Тіпті, кейбіреулері сөйлегеннің жөні осы екен деп әлдебір оқиғаларды айтып тұрып алады да, сөзінің соңында: “Мен енді не дейін? Жастар бақытты болсын!” – дей салады.

Мұндайда асаба ортаға шыққан адамдардың жасы үлкен біреуіне ғана тілек беріп, қалған адамдардан өз өнерлерін ортаға салуды талап етсе, тойдың сәні кіріп, ажарлана түсер ме еді?! Кейбір тойларда жетпістен асып, сексенді алқымдаған аузы дуалы деген ақсақалдарымыздың өзі жөнді бата бере алмай, терлеп-тепшіп, үзіп-созып, берекені алады.

Тағы бір айтайын дегенім, тойдың қызықты өтуі, ең бірінші, асабаға байланысты. Асаба халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік білуі керек. Жеті-сегіз әнді, жеңіл күл-кіден құрылған сайқымазақ анекдоттарды жаттап алып асаба болып жүргендер ойланса, кәне?! Өкінішке қарай, кейбір асабалар “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” деген халқымыздың нақылын ескермей, өзін де, той иесін де ұятқа қалдырады. Той болған соң үлкен-кіші, туған-туыс – бәрі жиналады ғой, асаба осыны ескермей жұртты күлдіремін деп естір құлаққа ерсі, түрпідей тиетін анайы анекдоттарды сапырып, кейде екі жасты ортаға шығарып қойып, тек екеуіне ғана қатысты жағдайларды көпшіліктің алдына жайып салады.

Асабалардың көбі бір айтқанын мың айтып, жұртты мезі етіп болғаны анық. Нағыз білгір асаба тойды өткізу тәсілін түрлендіріп отыруы керек. Бір тойдың бір тойға ұқсамағаны абзал. Асаба болған әрбір азамат пайда табамын деп, тоғышарлыққа салынбай, “Пайдаңды да ойла, арыңды да ойла” деген даналарымыздың ақыл сөздерін есте ұстағандары жөн.

Сөз соңында айтарым, қазақтың қай тойы болмасын – үлкен құндылық, демек, біреудің өмір бойы көрсем деп армандаған қызығына әр беру, нәр беру, тым болмаса бір адамның сол тойдан марқайып, үлкен ой арқалап қайтуына қол жеткізу – парыз. Тойымыздың сәні бөлек, әні бөлек болсын десек, ойланайық, ағайын!

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp