
2020 жыл – Олимпиада жылы. Әрбір төрт жылда бір айналып келетін жаһанның басты жарысы бұл жолы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның бас шаһары – Токиода өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, төртжылдықтың басты додасы ең инновациялық Олимпиада болмақ.
XXXII жазғы Олимпиада ойындары барысында əлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын спортшылар Токионың 13 ауданындағы спорт ареналарында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиаданың бағдарламасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар – бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. Биылғы додаға әлемнің 206 елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланса, олардың 49 пайызы әйелдер болмақ. Бұл – гендерлік теңдікті білдіреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті дүбірлі додаға қатысатын ерлер мен әйелдердің санын теңестіру мақсатында Токио Олимпиадасының бағдарламасына біршама өзгеріс енгізді. Сөйтіп жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс және күрес түрлеріндегі ерлер жолдамаларының саны қысқарып, әйелдердің үлесіне берілді.
Жапония елі дүбірлі доданы осымен екінші рет қабылдағалы отыр. Күншығыс елі ең алғаш жазғы Олимпиада ойындарын 1964 жылы өткізген. Сол жылы 93 елдің спортшылары бақ сынап, спорттың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салғанды. Ол кезде қазақстандық спортшылар Кеңес Одағының құрамында бақ сынаса, биыл тәуелсіз ел ретінде қатыспақ.
Біздің еліміз Олимпиада ойындарына тəуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Ең алғаш егемен ел ретінде 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға қатыстық. Содан кейін отандастарымыз Сидней (2000), Афины (2004), Бейжің (2008), Лондон (2012) және Рио (2016) олимпиадаларында ел намысын абыроймен қорғады. Әр жылдары әлемдік аламанда Юрий Мельниченко, Василий Жиров, Александр Парыгин, Бекзат Саттарханов, Илья Ильин, Ермахан Ибрайымов, Александр Винокуров, Ольга Шишигина, Бақтияр Артаев, Серік Сəпиев, Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Ниджат Рахимов және Данияр Елеусінов атой салды. Дегенмен, кейін Илья Ильин бастаған ауыр атлеттеріміз – Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова допинг қолданды деген айыппен алтын медальдарынан айырылды. Осылайша, Тəуелсіз Қазақстан құрамасы бүгінге дейін жазғы Олимпиада ойындарында 64 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, олардың 15-і алтын, 21-і күміс жəне 28-і қола медаль. Енді шілде-тамыз айларында өтетін Токио Олимпиадасында осы жүлделер саны арта түседі деп үміттенеміз.
Бүгінгі таңда қазақстандық спортшыларда 25 жолдама бар. Атап айтар болсақ, Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт, лицензия командаға беріледі), садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев; командалық және жекелей сын), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес) Олимпиада жолдамасына қол жеткізген болатын.
Биылғы жылдың көктеміне дейін спортшылар бірнеше халықаралық турнирде топ жарып, ұпай түгендесе, жолдама саны артады. Ұлттық құраманың Токио Олимпиадасында спорттың 20 түрінен сынға түсетінін ескерсек, әлі де жолдама жағын қамдау керек.
Әли БИТӨРЕ.