“Біз пәтерімізде мысық ұстаймыз. Естуімше, мысықтан адамға жұғатын ауру түрі болады екен, ол ұрықтың дамуына кері әсерін тигізеді деседі. Мен екінші балаға жүктімін. Көршім, әсіресе, жүктілік кезінде мысықтан таралатын жұқпалы аурулар қауіпті деп айтқан болатын. Сондай ауру түрі туралы айтып бере аласыздар ма? Үлкен балам өте жақсы көретін мысықты үйде бұдан әрі ұстауға бола ма?” – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жазира Байтөреева.
Сауалға №3 қалалық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Зәуреш Рахимберлина жауап береді.
– Сіздің айтып отырғаныңыз мысық пен иттен таралатын токсоплазмоз ауруы сияқты. Жүктіліктің бастапқы кезінде бұл ауру түсік тастауға себепкер болуы мүмкін. Сондықтан барлық жүкті әйелдерді токсоплазмоз ауруын анықтау мақсатында міндетті түрде тексеруден өткізеді. Әдетте ауру адамға үй жануарларынан, әсіресе, мысықтан жұғады. Үйдегі мысығыңызды мал дәрігеріне көрсетіп, токсоплазмоздың бар-жоғын тексеру қажет.
Оған қоса, бұл дерт өңдеуден өтпеген ет пен жұмыртқадан да жұғуы мүмкін. Шикі ет, шала піскен жұмыртқа, тартылған ет – дертті жұқтырудың негізгі жолдары. Мысықты қолмен ұстау, жуылмаған жеміс және көкөністі, асқа пайдаланған жағдайда да дерт таралуы мүмкін. Ауру жұққан кезде тұмау түрінде белгі береді.
Алдын алу үшін бала сүюді жоспарлаған отбасында мысық ұстамаған жөн. Ет және жұмыртқаны тамаққа пайдаланғанда дұрыстап пісіру қажет. Ас дайындау кезінде шикі еттің дәмін көруге болмайды. Тамақ дайындау кезінде ас турайтын тақтайшаларды және қолды жуу қажет. Жеміс-жидекті, көкөністі асқа қолданған кезде мұқият жуып, тазалаңыз. Үй мысығын тысқа жібермеңіз. Жүкті әйел мысықтың нәжісімен, несебімен ластанған бау-бақша топырағында жұмыс істемеуі тиіс. Өйтетін болса, резеңке қолғап киіп, жұмыстан кейін қолын мұқият жуып, тазартуы керек.