Бірер күннен кейін тарих қойнауына енетін жылан жылына талдау жасайтын болсақ, толымды табыстарымыз бен жеткен жетістіктеріміз аз емес. Негізгі салаларда экономикалық өсімге қол жеткізілді, оның ішінде республика бойынша өнеркәсіп және өңдеуші секторда – бірінші, сүт өндірісінде – екінші, ауыл шаруашылығы мен құрылыс жұмыстарында– үшінші, көтерме саудада бесінші орынға табан тіреуіміз – маңдай тердің ақталғаны, қажырлы еңбек пен ұйымдастырушылық жұмыстардың жемісі деп көтеріңкі көңілмен, мақтаныш сезіммен айтуға толық қақымыз бар.
Жыл басынан бері шетелден инвестиция тарту жоспары екі есеге асыра орындалып, күрделі ахуалды дер кезінде шешудің нақты іс-шаралары қабылданды. Соңғы үш жылда 2,5 млрд. доллар мөлшерінде инвестиция тартылды. Қазіргі таңда 894 млрд. теңгенің 51 жобасы іске асырылуда. Өңір экономикасы үшін маңызды, пайдалы бағдарламалар барынша қолдау тауып, өз тиімділігін көрсетті. Тұтастай алғанда, өңірдегі экономикалық өсім 14,1 пайызды құрап, тиісінше өнеркәсіп өндірісі – 20,8, инвестициялар көлемі – 11,9, ауыл шаруашылығы – 10,5, құрылыс – 31,4, сауда 13,3 пайызға артты. Елдегі сүт өнімдерінің бестен бірі облысымызда өндіріледі. Сонымен қатар кейбір салалардың нәтижелерін әлі де арттыру қажет. Демек, келесі жыл міндеттемелерін орындау барысында ішкі мүмкіндіктер жете ескеріледі деген сөз. Мәселен, алдағы уақытта жалпы өңірлік өнім өсімін 106,5, нормативті жағдайдағы жолдардың үлесін 95, ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізу, электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздықты және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесін азайту, нақты сектордан салық түсімдерін көбейту секілді іргелі міндеттер тұр.
Тау-кен металлургиясының даму әлеуеті жоғары. Әсіресе терең өңделетін өнімдер шығаруға мүмкіндігіміз мол. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,4 млрд. долларға жетсе, 80 пайызы өңдеуші кәсіпорындар еншісінде болды. Оның ішінде 19 млрд. теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылды. Биылғы бағдарламаға 512 млрд.теңгенің 34 жобасы енгізілген. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының орны бөлек. Қазір оның құрамында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын «CLAAS», «Reimann», «Сампо», трансформатор шығаратын «Alageum Electric», ламинатталған фанер өндіретін «Nord Panels» сияқты шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Ресейлік «Урал Кран» және «Хлебпром» компаниялары жалпы құны 40 млрд. теңгеге жобаланған құрылыс жұмыстарына қызу кірісіп, жүк көтергіш жабдықтар шығарумен және ұзақ сақталатын нан-тоқаш өндірісімен айналысатын болады. Отандық инвестор – «Радуга» ЖШС жалпы құны 11,3 млрд. теңгеге жетеғабыл саңырауқұлақ және компост өндіру кәсіпорындарын іске қосты. Дүниежүзіне танымал «Ультрадекор» атты Катар компаниясы ағашты қалдықсыз өңдейтін және ДСП/ЛДСП, ОСБ плиталарын өндіретін фабрика салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, темір жол саласындағы ірі холдингтердің бірі – «Railways Systems» «ЗИКСТО» зауытының базасында жолаушылар вагондары мен вагон-платформалар құрастыруда. Инвестиция мөлшері – 24,3 млрд. теңге. Жылдық қуаттылығы – 3200 вагон. «GREEN ERA COMPANY» ЖШС қуаттылығы 200 МГв-тық жел генераторы паркін салуды белгілеп, оған 3 млрд. теңге бағыттамақ.
Ауыл шаруашылығының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуеті өте жоғары. 5 жылда оның жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд. теңгеге жетті. Әртараптандырудан да көш бастап тұр. Майлы дақылдар алқабы 1 млн. гектарға дейін ұлғайтылды. Соңғы 2 жылда оннан астам заманауи мал шаруашылығы кешені іске қосылды. Фермерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау айтарлықтай. Агроөнеркәсіп – ең көп инвестиция құйылатын сала болғандықтан, сүт фермаларын салуға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие жүйелі түрде беріледі. «BioOperations» ЖШС бидайды тереңдетіп өңдеумен Қазақстаннан тысқары жерлерге де танымал. Оның крахмал, глютен, биоэтанол сияқты өнімдеріне Бельгиядан, Ұлыбританиядан, Америкадан сұраныс көп. Облыста бидайдың төрттен бірі, майлы дақылдардың үштен бірі, жұмыртқаның 11 пайызы, сүт өнімдерінің 23 пайызы өндіріліп, алыс-жақын шетелдерге жөнелтіледі. Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының айқындаушы драйвері болып қала береді.
Өңір экономикасындағы тұрақты өсімнің нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін төмендетілді. Жеке кірістердің өсуі 99 млрд. теңге болды немесе 103,1 пайызға игерілді. Әлеуметтік осал топтарды, аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп, мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді, өтеусіз гранттар беріледі. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда кешенді шаралар атқарылды. Қысқы уақытта да қолжетімді бағамен сатуға мүмкіндіктер жасалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері көбейтілді.
Цифрлық даму стратегиясы одан әрі жалғасады. Бүгінде елді мекендердің 92,9 пайызы ғаламторға қосылған. IT-экожүйеге ерекше көңіл бөлінбек. 25 мектептің күрделі жөндеуіне 3,5 млрд. теңге бағытталды, 46 медициналық пункт тұрғызылды. Соңғы 2 жылда 66 спорттық және 6 мәдени нысан қолданысқа берілді. 590 ауылдың 85 пайызы орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтамасыз етілген. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 700-ге жуық жасқа 253 млн. теңге жәрдемақы төленді. 2023-2024 жылдары 1200 шақырым жол қалпына келтірілді. Биыл бір мың шақырым жол асфальтталды. Оның жартысына жуығы – республикалық маңызы бар жолдар.
Облыс тұрғындарының мүддесіне сай қызмет ету басты бағдарымыз болып қала береді.
Қанат ДҮЗЕЛБАЕВ,
облыс әкімінің орынбасары.