Жуырда есімі елге белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым редакцияда қонақта болып, ұжыммен кездесті. «Еркек шора», «Мақтаншақ сары сағат», «Ине мен жіп», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Дария шабыт», «Аю құлақ», «Меңді қыз», «Жалқаулыққа кім үйір?», «Тағдыр сыйы» кітаптарының авторы балалар әдебиеті, қазіргі қазақ прозасы, кітап оқу тақырыбында әңгіме өрбітіп, тілшілер қауымының сауалдарына жауап берді. Сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Толымбек Сылдырбайұлы, кез келген адамның өмірге, әдебиетке деген құштарлығын кітап оятатыны белгілі. Сіз қандай шығармалармен сусындап өстіңіз?
– Менің бала күнімде сүйсініп оқыған кітаптарым – «Қазақ ертегілері» мен «Батырлар жыры». Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің 1962 жылы Алматыдағы мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген өлеңдер мен поэмалар жинағы да оқуға деген ынтамды оятты. Кейін хәкім Абай, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Дулат Бабатайұлы, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Қабдеш Жұмаділов, Асқар Сүлейменов сынды қаламгерлердің туындыларын бас алмай оқыдым.
Кез келген қаламгер білімді, еңбекқор, интуициясы мықты, табанды һәм талғамы жоғары адам болуы керек. Мен атақты Антон Чеховтың: «Талант дегеніміз – өз қабілетіңді жетілдіру барысындағы күнделікті қара жұмыс, өз күшіңе деген сенім, батылдық һәм мақсат еткен ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік!..» деген қағидасын өмірлік ұстанымыма айналдырғанмын.
– Қазіргі балалар әдебиетінің жай- күйі қалай? Оқырман мен жазушы арасындағы байланыс үзіліп қалған жоқ па?
– Қазір балалар әдебиеті ақсап тұр. Бұл салаға келіп жатқан жастарды көріп, жаным ауырады. Осыдан бес- алты жыл бұрын өзін балалар жазушысымын деп таныстырған бір бауырымыздың повесін оқыдым. Авторға: «Айналайын, інім, бұл шығармаңның бір қайнауы ішінде екен. Тағы бір толғансаң қайтеді?», – дедім. Ол менің бұл сөзіме түсінбей: «Бір қайнауы ішінде дегенді қалай түсінуге болады?» деп қарсы сұрақ қойды. Жуырда сол бала кітабын шығарды. 10-15 мектепке барып, тұсаукесерін ұйымдастырды, сатты. Сосын, «Шалқар» радиосына сұхбат берді. Сұрақ қойған журналистің де, жауап берген жазушының да әдебиеттен хабары жоқ екендігі байқалып тұрды. Осы шығарманы оқыған бала болашақта кім болып шығады?
Балаларға арнап шығарма жазу оңай емес. Ол үшін қаламгер баладай пәк болуы керек. Балаларға жалған сөйлеуге, қатігездікті насихаттауға мүлдем болмайды. Шығармадағы кейіпкерлеріңнің адалдық пен әділдікке жақ болуы маңызды. Балалар жазушыларын «Бұл балалар тақырыбын ғана жазады» деп шет тететіндер де бар. Мүйізі қарағайдай қаламгерлердің басы қосылған келелі кездесулерде біздерге орын көп жағдайда есік жақтан бұйырады. Соңғы отыз жыл ішінде балалар жазушыларына бірде-бір мемлекеттік деңгейдегі сыйлық берілмепті. Балалар әдебиеті тоқыраудың аз- ақ алдында тұр.
– Әке-шешесі ажырасып, өгей шешенің қорлығын көрген, басынан небір қиын-қыстау кездер өткен жеткіншектің өмірі суреттелген «Тұнжыр» повесіңіз қалай жазылды?
– Маған Моңғолиядан келген Жанаргүл есімді қыз басынан өткен оқиғасын баяндады. Өзі әдемі сөйлейді екен. Көзіме жас алған сәтім аз болмады. Үйге келе салысымен жазу үстеліне отырып, 7-8 бет жазып тастадым. Бірақ маған ұнаған жоқ. Аяқталмаған повесімнің бірі болсын деп папкаға салып қойдым. Арада төрт жыл өтті. Бір күні ұйықтап жатып: «Әй, аяғыңда тұнжыр жоқ» деген дыбыс естідім. Шошып ояндым да, «Тұнжырды» аяқтадым. Жастар сүйіп оқитын шығармаға айналды. Таза болсаң, ісіңе берілсең, соған өміріңді арнасаң, жүрегіңді былғамасаң, Алланың берген қабілетіне разы болсаң, ізденсең, еңбектенсең, оқысаң жолың ашыла береді екен.
ХХІ ғасырды – ғылымның дамыған, электрониканың өрістеген кезеңі дейміз. Жаныңа не керектің бәрі бар. Алайда адамдарға мейірім мен бауырмалдық жетіспейді. Неге біздің елде қарттар үйі көбейіп жатыр? Жетімдер неге жылайды? Мұның бәрі оқымағандықтан орын алып отыр. Кітап оқыған адамның өмірге деген көзқарасы басқаша өрбиді. Ол бақытты әлсізге көмектесуден, адал болудан, әлдекімнің ала жібін аттамаудан іздейді. «Тұнжырда» да осы тақырып қамтылған.
– Жазушыға қажет үш қасиетті айта аласыз ба?
– Жазушыға керегі – талант пен білім. Үшінші керек қасиет – еңбек. Немістің әйгілі жазушысы Гете бар-жоғы он тоғыз жасында күнделігіне былай деп жазыпты: «Біз жаспыз. Сол себепті шиыр болған жолмен жүрмек емеспіз. Төңірегіміздегінің бәрін ерекше ынтамен зерделеп, барлығын да қаперімізге қанықтырамыз. Біз өте ықыласты боламыз, пайдалы бір нәрсе игермей, бір күнді де бос жібермейміз». Ал ақын өмірінің соңғы кезеңінде «Қандай да талант болмасын, біліммен қанаттануы қажет. Сонда ғана ол өзінің барлық қуатын таныта алады», – деген. Жазушы өзі қаузап отырған тақырыбын жақсы білуі шарт. Әрбір қаламгер үшін кейіпкердің ішкі дүниесіндегі психологиялық сыр, мұң, арман, мақсат, толып жатқан күрделі құбылыстар айқара, жарқырай ашылып, характер логикасына қарай шешім табуы – басты мұрат! Шығармадағы көркем бейне, яғни образ толық ашылмаса ол әдеби туынды емес. Шынайы жазушы сөзбен, шұрайлы, кестелі тілмен сурет салуы тиіс.
– Жуырда жарық көрген «Құс ұясы» деп аталатын кітабыңыздың таныстырылымын Қызылжарда өткізуді жөн көріпсіз. Мұның себебі неде?
– Мен Қызылжардан шыққан аяулы тұлғалардың біразымен сапарлас, дәмдес болдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің өнер бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезім. Редактор, жазушы Оралхан Бөкей Сафуан Шаймерденовпен сұхбаттасу жөнінде тапсырма берді. «Ол – өте пунктуальный адам. Сұхбатқа уақытында бар. Сұрақтарыңды алдын ала дайында. Артық ештеңе айтпа. Ренжітіп алма», – деп ескертті. Сафекең мені жылы қарсы алды. «Апаңның шайын ішіп алып, асықпай тілдесейік», – деп мені төрге оздырды. Әңгімеміз аяқталар тұста «Ағалардың алақаны» кітабын сыйға тартты.
Қызылжар – мен үшін ыстық мекен. 1991-1992 жылдары облыстық «Qyzyljar» телеарнасында комментатор болып жұмыс істедім. Қазақтың ата дәстүрін көздің қарашығындай сақтаған өңірге күйеубала екенімді де мақтанышпен айтып жүремін.
– Қаламгер жақсы шығарма жазуы үшін қандай қадамдарға баруы керек деп ойлайсыз?
– Мен балаларға арнап 127 әңгіме жазыппын, бастауыш сынып оқулығына 4 әңгімем еніпті. Туындыларымды ойдан, қиялдан құрап жазбаймын. Балалардың өмірін кәдімгідей зерттеймін. Мысалы, 4 повесімнің екеуі өз басымнан өткен оқиғалар негізінде жазылды.
Лев Толстой «Анна Каренинаны» жазарда бір газеттің соңғы бетінен темір жол вокзалында бейтаныс әйелдің пойыздың астына түсіп қаза тапқанын оқып қалады. Бұл ақпарат жазушыға негізгі деталь болды. Оқиғаны тереңнен зерттеді.
Оноре де Бальзак «Горио атай» повесін түнгі уақытта ғана жазған екен. Таңертең жолдастары келіп, қанша бет жазғанын сұрайтын болған. Бір күні достары Бальзактың еденде құлап жатқанын көреді. Су бүркіп тұрғызған соң не болғанын сұраса, қаламгер таң ата Горио атайдың қайтыс болғанын естігенін жеткізеді. Жазып отырған шығармасындағы кейіпкердің о дүниеге аттанғанын естіп, естен танып қалған ғой. Яғни кез келген туынды жазушының жүрегінен шығуы тиіс. Өз-өзіне шынайы болған адамның шығармалары да шынайы болады.
– Кітап оқуға қызықпайтын балаларды көргенде көңілге кірбің ұялайды. Бұл мәселені қандай жолмен шешкеніміз дұрыс?
– Ең алдымен, сол балалардың ата- аналары кітап оқулары керек. Ата-аналар кітап оқыса, балалар да оқуға құштар болады. Кітап – білім. Кітап оқыған бала жамандыққа бармайды. Біз кітап оқитын ұлтқа айналу үшін жаппай кітап оқуымыз керек.
Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы балалар әдебиетін оқыған сәттен қалыптасады. Яғни, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі, тағылым, тәлім қайнары және қазақ тілін үйретудің үлкен мектебі.
Дайындаған
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.