«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЛЫМДЫ ІСТЕР ТЫНДЫРЫЛДЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында жетекші партияның сайлауалды тұғырнамасындағы сегіз бағыт бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланды. Білім мен ғылым, жастарды, әйелдерді, кәсіпкерлерді қолдау, жұмыспен қамту мен кіріс, инновациялық экономика, жасыл экономика, халық бірлігі тақырыптарын қамтыған құжаттың жүзеге асырылу барысы бойынша әр бағыт кураторларының есебі тыңдалды. Жиынға партия филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов төрағалық етті.

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылындағы ескі мектеп апаттық жағдайда деп танылған болатын. Сондықтан биыл жергілікті бюджет есебінен 90 орынға шақталған жаңа білім ошағының құрылысы басталған. Ол келер жылы пайдалануға берілмек. Мамлют ауданындағы 300 орындық жаңа мектеп те алдағы оқу жылында өз есігін айқара ашатын болса, көктем шыға Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында 300 орынға шақталған білім ошағының іргетасы қаланады. Ал Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Қой жылының бірінші жартысында өз жұмысын бастауға әзір.

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим елді мекені мен Тайынша қаласында үш ауысымда жұмыс істейтін екі мектеп бар. Сондықтан 2015 жылы бұл елді мекендерде жаңа мектептердің құрылысы басталмақ. Білім саласын одан әрі өрістетудегі жоспардың уақтылы жүзеге асырылуын “Білім мен ғылым” бағытындағы сарапшы топ қатаң бақылауда ұстап отырғандығын өз баяндамасында аталмыш топтың жетекшісі облыстық мәслихаттың депутаты Елена Коноплева атап көрсетті.

Партия тұғырнамасындағы “Жастарды қолдау” бағытының да жұмысы қорытындыланды. Бұл ретте мамандар жұмыспен қамту, баспанаға қол жеткізу, өз істерін ашу секілді жастарды толғандырған басты мәселелерді назарға алып, оларды шешу тұрғысында бірнеше қанатқақты жобаларды жүзеге асырған. Ол жайында жиынға қатысушыларды халық қалаулысы Райхан Әбдірахманова құлағдар етті.

Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күштерінің біріне айналуы керектігін атап көрсеткен болатын. Бұл ретте түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Одан өңіріміз шет қалып отырған жоқ.

Қазіргі күні өңірімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 24 мыңның үстінде болса, онда 135 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 15 пайыз жоғары. Бұл ретте өз ісін дөңгелеткендердің дені “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына жүгінген. Осы арқылы олар 4,4 миллиард теңге трансфертке қол жеткізіпті. Жыл басынан бері өңірлік үйлестіру кеңесі кәсіпкерлік нысандарын бюджет есебінен қаржылай қолдау тұрғысында 188 өтініш бойынша оң шешім шығарған. Мұның бәрі облыстық мәслихаттың депутаты, “Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау” бағытындағы сараптама тобының жетекшісі Гюлага Илдырымовтың баяндамасында көрініс тапты.

Десе де, кәсіпкерлікті өрістетуде әлі де кедергілер бар. Осыны атап көрсеткен Ерік Сұлтанов қаңтар айынан бастап әр ауданда кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастыратындығын атап көрсетті. Оның қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуде артық болмасы анық.

– Кәсіпкерліктің жыл санап дамуы жұмыссыздар санын қысқартуға да мол мүмкіндік беруде. Осының арқасында жыл басынан бері 6725 тұрақты және 567 маусымдық жұмыс орындары құрылған. Ол өңіріміздегі жұмыссыздардың 31 пайызына жол ашып отыр,– деді өз кезегінде сөз алған “Жұмыспен қамту және кіріс” бағытындағы сарапшы топтың кураторы Серік Ахметбеков.

Бірақ ауыл шаруашылығы, машина жасау, өнеркәсіп салаларында әлі де мамандар тапшы. Кадрлар даярлауда бірінші кезекте жастарға басымдық берілуі тиіс.

Кеңес отырысында, сондай-ақ, тұғырнамадағы инновациялық экономика, “жасыл экономика”, қыз-келіншектерді қолдау, халық бірлігі бағыттарындағы атқарылып жатқан жұмыс та назардан тыс қалған жоқ. Олардың әрқайсысы бойынша есеп берілді.

Жиын соңында саяси кеңес бюросы мүшелері атқарылған жұмыстарды оң бағалап, әр бағыт бойынша әзірленген жобаларды бірауыздан мақұлдады.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp