
Айқай сап домбыраны қағып-қағып,
Сонан соң көзді жұмып кеткен ағып.
Сол кезінде көрінер кеткендігі,
Еріксіз бір қуаттың билеп алып.
Сыйқырлар, тыңдаушының еркін алар,
Ақынның жүрегіне түскен жарық.
Қан жылып, жан сүйсініп, жүрек иген,
Бір халде тыңдаушылар болады анық, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, қазақ үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Әсіресе, ұлттық рухтан сусындатар сүбелі жырлар мен орамды ойлар айтылған сөз сайыстары халық жадында сақталып, таралып кететіні де қасиетті өнерге деген құрмет болса керек. Соның бір дәлелі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын, айтыстың қара нары атанған Жүрсін Ерманның 70 жасқа толу мерейтойына орайластырылған “Ұлытаудың ұлары ұлтын сүйген” атты республикалық жас ақындар айтысы. Ғалым Жайлыбай, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы сынды сөз мергендері мен Қазақстан Республикасының қайраткері Зарқын Тайшыбай, “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров қазылық еткен жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 өнерпаз қатысты. Бұл сында өңіріміздің намысын Диас Аяған мен Дәулет Құрмаш қорғады.
Домбыраның күмбірі мен ақынның әуезді мақамы еліктіріп әкететін асыл өнеріміз салтанат құрған сөз додасына жиналған көрермендер де аз болмады. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталды. Айтыстың шымылдығын алматылық Айбын Жамали мен ақтөбелік Шынарбек Тұрсынұлы ашты. Жас болса да біраз сыналып қалған ақындар бірден көрерменді еліктіріп әкетуге тырысқанымен, бара-бара шабыстары баяулап қалғандай көрінді. Екінші болып сахнаға шыққан қызылжарлық Дәулет Құрмаш пен атыраулық Фариза Жетпісбаевадан халық қыз бен жігіттің әдемі айтысын күткен үміттері ақталмады. Осы айтыстағы жалғыз қыз жерлесіміздің адымын аштырмады.
Айтысқа дайындықсыз келу, мұхитқа қайықпен шыққанмен бірдей, мұны ақындардың аузына сөз түспей, сасқалақтап қалған кездері аңғартты. Жұптасқан ақындардың біреуінің осалдығы қарсыласына да кері әсер етіп, кеңінен көсіле алмай қалатыны тағы бар. Осындайда жауапкершіліктің жүгін сезініп, арқалы ақынның обалына қалмауды да ойлаған жөн дегің келеді. Бір әттеген-айы, жерлестеріміздің осы сында көсіліп шаба алмағанына қынжылып қайттық. Олай дейтініміз, тараздық Мұқағали Балтабаевпен сөз жарыстырған Диас Аяғанов та көрермен көңілінен шыға қоймады. Баласы бәйгеге түссе, анасы тақымын қысып отыратыны сияқты, көрермендердің қолдап-қолпаштағаны, залды қиқуға көмгені де көмектесе алмады. “Айтыс – халықтың театры” деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бұл сында ақынның эмоциясы мен екпіні, домбыра қағысы да шешуші рөл атқаратыны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, жерлестеріміздің үйренері әлі көп. Дегенмен, жастарды кінәлаудан аулақпыз. Бірақ “көш жүре түзеледі” деген көңілжықпастыққа салынудың да қажеті жоқ. Туған өлкесінің намысы сынға түскен сәтте суырылып шығар ақындарымыздың жерге қаратпай, жыр додасында атойлап жүргенін көру бір ғанибет емес пе?!
Атой салған демекші, осы айтыста көрерменнің көңілін өзіне ерекше бұрған нұрсұлтандық Аян Ниязбек пен ақтөбелік Жанарыс Тілеубекұлының, шығысқазақстандық Қабдолла Бейісхан мен оралдық Райымбек Өтеповтің жұптары болды. Аян мен Жанарыстың сөз саптауына ерекше тоқталған жөн. Замандастардың қалжыңы да, қағытпалары да жарасымды. Басқаларымен салыстырғанда бұл жігіттердің сөз саптауы өзгеше болды десек қателеспейміз. Ең бастысы, бірін-бірі зерттеп, мұқият дайындалғандары көрініп тұр. Ақындар сөз басында аруақ шақырған батырдай бір-бірін ығыстыра сөйлегені ерсі көрінетіні өтірік емес. Көрген көрерменге де түрпідей тиіп, мұндайда ақынға деген көңілдері суып қалатын кездер де болады. Бірақ жымдастырып айтқан астарлы қалжың көңілді қайта баурап алатыны да бар. Мұны ақынның шеберлігі десек жарасатын шығар. Осы орайда Жанарыс қарсыласы Аянның бір айтыста Айнұр Тұрсынбаеваға қарсылас болып, күйеу бала боламын дегенін, бірақ кейін айнып қалғанын айтып түйреп өтті. Суырыпсалма ақынның мергендігі осындайда сыналады. Аян да өз кезегінде тосылып қалмай: “Қызын алам деп жүргенде, Айнұрдың өзі кетіп қалды”, – деп, әдемі жауап қайырып, көрермен көңілін өзіне бұрып алды.
Құрдас қалжыңын көтеріп, ұтымды жауап тапқан ақындардың бірі ақмолалық Бахтияр Жепенов қарсыласы нұрсұлтандық Бекзат Құлшардың “әкімдікте қызмет істейтін шенеунік, сөзіңе шектеу қойылған” деп түйрегеніне, “әкімін емес, ақынын сыйлаған Үмбетей жыраудың елінен келдім” деп жауап қайырып, елдік пен ұлттық мүдде туралы әдемі сөз саптағанының арқасында көрермен ықыласына бөленді.
Он алты ақынның арасынан оза шауып, жоғары ұпай жинаған екі өнерпаз ақтық сынға жетті. Атап айтар болсақ, нұрсұлтандық Аян Ниязбек пен семейлік ақын Қабдолла Бейісхан екеуі финалда айтысты. Бұған дейін де республикалық өнер додаларында оза шауып жүрген жас ақындар сөзден тосылмай, финалға лайық өнер көрсетті.
Соңғы жылдары Қызылжар қаласын ән мен жырға бөлеп, рухты асқақтатар айтыстың жиі өткізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған жыр додасы жайлы белгілі айтыскер ақын, қазылар алқасының мүшесі Дәулеткерей Кәпұлын әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, жастардың арасында суырылып шығып, аламанға түсер ақындардың бой көрсетуінің өзі айтыс өнерінің өміршеңдігінің бір көрінісі. Осындай сындарда бағы мен бабы қатар шапқан суырыпсалма ақындар іріктеліп, жоғары топқа жолдама алады. Ал жолы болмағандар жігерін жани түсуі тиіс. Халық айтыстан рухани азық алса, ақын тәжірибе жинайды, болашаққа жолдама алады. Сондай-ақ, олқылығын көріп, орнын толтыруға талпынады.
Қызылжар аспанын кернеген жас ақындар айтысының қорытындысы мынадай: Фариза Жетпісбаева, Диас Аяған, Айбын Жамали мен Шынарбек Тұсынұлы сынды өнерпаздар Ерік Асқаров, Кәкімбек Салықов, Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлделерге ие болды. Қазылар алқасының шешімімен қарағандылық Доскей Ботпай 3-ші орын, оралдық Райымбек Өтепов 2-орын алса, нұрсұлтандық Аян Ниязбек 1-орынды еншіледі. Ал жарыстың бас жүлдесі семейлік Қабдолла Бейісханның қанжығасына байланды.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.