«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОПЖАРҒАНДАРҒА — ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОШЕМЕТ

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында “Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акция аясында Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты шара өтті.

“Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!” атты өңір шығармашылық ұжымдарының галаконцерті басталмас бұрын облыс әкімі Ерік Сұлтанов арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Аудандар мен ауылдардағы мұражай қызметкерлерінің қатысуымен қанат жайған көрмеге тарихи құнды жәдігерлер, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов сияқты танымал тұлғалардың жеке заттары қойылған.

“Шеберлердің қолында, кәсіп болған бұл ағаш”, – деп Қашаған жырау жырлағандай, қазақ халқы кезінде өзіне қажетті бұйымын ағаштан ойып, қашап, жонып жасап алып отырған. Бүгінде тұрмыста қолданбайтын сондай көптеген көне заттарды көрмеден қызықтаған қонақтар ағаш үтік пен май былғайтын дөңгелек ыдыс сияқты жәдігерлерді көріп, таң-тамаша болды.

Мәдениет саласы қызметкерлері ерекше ықыласқа бөленген кешке жиналған қауымды облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, әр отбасына игілік, бақыт пен береке, шырайлы шаттық тіледі.

– Ширек ғасырда мемлекетіміз қарышты қадаммен алға басып, дамып келеді. “Өркениетті ел, ең алдымен, тарихымен, ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанады. Өзінің мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады” – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Өңір басшысы осылай дей келіп, облысымыз бойынша мәдениет саласындағы қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып өтті.

Елмен бірге қанат жайып, еңсесін көтерген өңірімізде мәдениет және мұрағат саласындағы оң өзгерістер ауыз толтырып айтарлықтай. Осы салаға бөлінген бюджет қаржысы соңғы жылдары он есеге көбейіп, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарған. Облысымызда екі театр, алты жаңа мұражай, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені, қалалық мұрағат, Жастар сарайы ашылды. Ауылдарда Мәдениет үйлері, кітапханалар, клубтар қайта жөндеуден өтіп, іске қосылды. Бүгінде алты аудандық мұрағаттың өз ғимараты бар, 900-ден астам ведомстволық және жеке мұрағат тұрғындарға қызмет көрсетеді. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 101 мәдениет және мұрағат нысаны қайта жөндеуден өтті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында 500 орынға шақталған көрермен залы құрылысының жобасы жасалуда. Барлық жұмыс 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Ерік Хамзаұлы өмірін өнермен ұштастырған шығармашылық ұжымдар мен өңір мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері Виктор Шалаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Надежда Косыгина, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері, Мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов, облыстық филармония әртістері Дәмеш Құрманкина, Николай Колокольчиков сияқты бірқатар танымал өнер иелерінің жетістіктерін ерекше мақтанышпен атап көрсетті.

Мерекелік шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін және Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге байланысты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының экскурсия жүргізушісі Нұргүл Құлбаева (Айыртау ауданы), “Мрия” украин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мария Полтавец (Аққайың ауданы), Қызылжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сара Алдаева марапатталды.

Жыл басында барлық аудандарда “Облысымыздың үздік мұражайы”, “Үздік медиатека”, “Үздік мұрағат”, “Үздік ауылдық мәдениет – 2016” конкурстары жарияланған болатын. Шара барысында байқаулардың қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар анықталды.

Аудандық мұражайлар арасында үздік шыққан Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы мен Есіл аудандық мұражайына 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

“Үздік медиатека” сайысында жеңіске жеткен Тимирязев аудандық кітапханасының ұжымы 300 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Ал бірінші орынға Ақжар аудандық және Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылдық кітапханалары лайық деп танылып, жеңімпаздарға 200 мың теңгенің сертификаттары берілді.

“Жылдың үздік мұрағаты” байқауының қорытындысы бойынша Қызылжар ауданының мұрағат ұжымы 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

“Үздік ауылдық мәдениет – 2016” аталымында Гран-при иегері деп танылған Айыртау ауданы – 2 миллион, ал бірінші орынға ие болған Шал ақын ауданы 1,5 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізді. Айта кету керек, барлық аталымдар бойынша екінші, үшінші орын алған жеңімпаздар да ақшалай сыйлықтармен марапатталып, қошеметке бөленді.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов 130-шы театр маусымының ашылуына орай Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымына 10 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Өнер ұжымдары өкілдері атынан сөз алған Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, облысымыздың 80 жылдығы сияқты айшықты мерекелермен құттықтап, мәдениет саласының өрге басуына қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғысын білдірді.

Игі тілектер, тамаша тартулармен жарасым тапқан шара шығармашылық ұжымдар ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш соңында өнерпаздарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp