
Мен 2013 жылы педагогикалық шеберлік орталығының Петропавл қаласындағы филиалында І ілгері деңгейлік бағдарламасынан өттім. Оның мақсаты – мұғалім іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізу. Ол өзгерістер мұғалімге де, оқушыға да оң нәтиже беруі тиіс. Оқуды аяқтап келгеннен кейін жұмысымды жетілдіру арқылы өзімді де, оқушыларымды да өзгерте алдым деп айта аламын. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдер. Соның бірі – тренингтер. Ол сабағымның жоғары дәрежеде өтуіне үлкен көмегін тигізді деп ойлаймын. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етумен қатар, олардың назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастық қалыптастыруда оң нәтижесін берді. Оқушылар бір-біріне жақсы тілектер арнап, мұқият тыңдап, бір-біріне рақмет айтуды да ұмытқан жоқ. Өткізген тренингтер сабағымның әсерлі басталуына, ортасында ұйымдастырғанда оқуға ынтасының артуына, соңында жақсы көңіл күйде тарауына үлкен ықпалын тигізді.
Алғашында топтық жұмысқа барлығы бірдей кірісіп кетпей, жарыс ретінде қабылдады. Топқа бөлініп жұмыс істеген оқушыларға өте ұнады. Себебі, топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырды. Ұйымшылдыққа тәрбиеледі, бір-бірін оқытуға, үйретуге жағдай жасады. Сонымен бірге олар ынтымақтаса жұмыс істей отырып, ортаға ойын еркін салуға үйренді. Алдымен сынып оқушылары топ ережесін құрды. Оны әр сабақ басында естеріне салып отырдым. Уақыт өте оқушыларға бұл ережені еске салудың қажеттігі де болмады, өйткені оларға топта жұмыс істеудің ұнағандығы соншалық – өздері бір-біріне ұсыныс ретінде кеңес бере бастады. Сабақты бастамас бұрын әр топ үнемі өзіне көшбасшы, спикер, тайм-спикерлерін сайлап алатын болды. Топтық жұмыспен қатар, жұптық жұмыс та жүргізілді. Жұптық жұмыс тиімді жүру үшін оқушыларға партаға төмен үлгеретіндермен бірге “Достық көмек” ретінде орташа, жақсы оқитын оқушылардың отырулары керектігін әуел бастан ескерттім.
Мен жетекшілік ететін 4 “В” сыныбының білім деңгейі орташа деуге болады. Себебі, сыныптың 50 пайызы орташа оқиды. Бұл сыныппен биыл үшінші жыл жұмыс істеп келемін. Алғашқыда үш бірдей үлгермеуші болды. Білім сапасы алғашқы жылы 32 пайыздай ғана болса, өткен оқу жылының аяғында – 56, қазіргі күні 67 пайызға жетті.
Жаңа сабақты меңгертуде де оң өзгерістер бар. Әр сабаққа мақсат қойып, күтілетін нәтижені анықтап, олардың сабақ барысында не арқылы бағаланатынын көрсетіп отырдым. Сабақ барысында оқушылар оқу материалдарын қаншалықты меңгергенін қорытындылап отыру үшін үнемі формативті бағалау жүргізілді. Формативті бағалау оқушыларға қателерін түзей отырып, оқытуға, не маңызды екенін түсінуге, нені есте сақтауға, білмегендерін үйренуге көмектеседі. Бағалау мақсаты – оқытудың қиындықтарын анықтау, жетістікке жеткенін көрсететін кері байланысты болжау және сұрыптау, стандарттарды бақылау және орындау, оқыту бағдарламасының білім беру стилін айқындау, яғни оқушының сұрақтарға берген жауаптарын бақылау. Бұл айтылғандар оқытуды жақсарту үшін қажет.
Өз басым оқушылардың пікірін назарға алуды, сыни ойлауға үйретуді, логикалық ойлауға ықпал етуді, оқушылардың деңгейіне қарап, тапсырмаларды түрлендіруді, бағалау түрлерін пайдалануды үйрендім. Жаңаша меңгерген әдіс-тәсілдерім келешекте әлі де сыныбымның білім деңгейін жақсартуға үлкен әсерін тигізетініне сенімім мол.
Теңдік ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі.
Петропавл қаласы.