«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОП ЖАРҒАН ЖАНДОС

Солтүстікқазақстандық велошабандоз Жандос Бижігітов жуырда Таиландтың Накохан Радчасима қаласында велоспорттан өткен Азия чемпионатында күміс медальға ие болды. Қазақ велоспортын алға сүйреп жүрген жаспен кездесе алмасақ та, ғаламтор арқылы хабарласып, құттықтадық.

– 1991 жылы облыс орталығында дүниеге келдім. Жастайымнан велосипедке құштар болдым. Сөйтіп, осыдан 12 жыл бұрын Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында оқуымды жалғастырып, велосипедтің тізгінін ұстадым, – деп бастады әңгімесін Жандос. – Кейін М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түсіп, мамандық алдым. Спорттағы нәтижелерімнің арқасында облыстық және республикалық жарыстарда сынға түстім. Кейін қызылжарлық велоспортшылар – Төлеген Майдос, Виктор Окишевпен бірге “Astana Continental Team” құрлықтық велокомандасының “Андерлер” санатында мүше атандым. Ал қазіргі уақытта ел құрамасының қатарында халықаралық сайыстарда Қазақстан намысын қорғаудамын. 

– Жеңістің үлкен не кішісі болмайды. Дегенмен, сізге естен кетпес қуаныш сыйлаған сәт туралы айтып берсеңіз.

– Азия біріншілігінің күмісі менің қазіргі ең маңызды жеңісім. Таиландтағы құрлық біріншілігіне ондаған елдердің мықты велошабандоздары қатысып, бақ пен баптарын сынады. 43,6 шақырымдық жекелей сында бас жүлде ирандық Хуссейну Аскаридің еншісінде кетті. Мен болсам, мәре сызығын одан бар болғаны екі-ақ минутқа кеш кесіп, күміс жүлдені қанағат тұттым. Бұған қоса, 130 шақырымдық қашықтықты құраған түнгі топтық жарыста мәреге бесінші болып жеттім.

– Азия мықтыларының қатарына енген Жандостың қоржынында тағы да қандай додалардың жүлдесі бар?

– Ең алғашқы ірі жеңісім – 2012 жылы өткен қысқы ел біріншілігінде командалық есепте жеңімпаз атансам, сол жылы өткен “Әзірбайжан турында” командалық сайыста екінші орынға ие болдым. 2013 жылы Шымкентте өткен ел кубогында тасжолдағы критериум бойынша сынға түсіп, 23 ұпаймен бірінші орынға қол жеткіздім. Өткен жылы “Қытай турында” командалық есепте бірінші болсам, Франциядағы халықаралық сайыста тоғызыншымын. Бір қызығы, Қазақстан біріншіліктерінде қанша рет жеңімпаз не жүлдегер атанғанымды дөп басып айта алмаймын. Өткен жылы Доминикан елінде өткен “Vuelta Indepencia Nacional” халықаралық көпкүндік веложарысының жетінші кезеңінде үздік ондықты тұйықтадым. Чехияда теміржолшылар арасында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдені еншіледім.

– Спортшының жеңіске жетуі оның бапкеріне де байланысты. Бапкеріңіз жайлы да айтып өтсеңіз.

– Алғашқы бапкерім – Виктор Потапов. Одан кейін басқа да бапкерлерім болды. Олардың барлығы да менің спортшы болып қалыптасуыма өзіндік үлестерін қоса білді. Осы бапкерлерімнің ерен еңбегінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп жатырмын. Сондықтан, ең алдымен, ризашылығымды сол кісілерге білдіргім келеді. Велоспорт федерациясы басшыларына да айтар алғысым шексіз.

– Әр спортшының аты мен атағын оның қол жеткізген жеңісі мен жетістігі шығаратыны белгілі. Өзіңізді осы уақытқа дейін тек солтүстікқазақстандықтар ғана танығанымен, Таиландтағы күмісіңізден кейін кілең мықтылардың қатарына енген Жандосты бүкіл республика танып отырғаны сөзсіз. Қазақ велоспортының жаңа үміті Жандостың арманы бар ма?

– Арманым көп деп те айтуға болады. Басты арманым – “Astana Pro Team” кәсіби велокомандасының қатарына алынып, беделді “Тур де Франс”, “Вуэльта” сынды велокөпкүндіктерін бағындыру… Ол үшін аянбай тер төгу керектігін жақсы түсінем. Мақсатым – қазақ велоспортын шыңға сүйрер ұлы болу.

– Туған қалаңызда жиі боласыз ба?

– Жиі барам деп айта алмаймын. Оған уақыт тапшы. Дегенмен, жаттығудан қолым қалт еткен кезде туған жерге жетуге асығып тұрамын.

– Бос уақытыңдызды қалай өткізесіз?

– Шынын айтқанда, қазір менде бос уақыт жоқ. Жаттығу, жарыс…

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp