«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚҚА ТӘНТІ ДЕНИС

Ұлттық спортымызда жетістіктерімен мақтана аларлық нәтижеге қол жеткізіп жүрген өзге этнос өкілдері де бар. Біздің мектебімізде қызылжарлықтарды тоғызқұмалаққа баулып жүрген Денис Оберемко – солардың бірі.

Айыртау ауданының Саумалкөл ауылының тумасы Денис ауыл мектебін бітірген соң Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетке оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқыған. Өзінің еңбек жолын көрші Комаровка елді мекеніндегі орта мектебінде бастаған.  

Мен бұл дарынды жігіт туралы Тараз қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық спартакиада да естіген едім. Тоғызқұмалақтан сайыс басталғанда кілең қазақ балаларының арасында бір орыс оқушысының сынға түскенін көріп, таңғалғаным бар. Сайыстан кейін баладан ойынды кім үйреткенін сұрадым. Сөйтіп, өзгелерді қазақтың төл ойынына үйретіп жүрген бозбала туралы ақпарат жинадым.

Кейін өзімнің шақыртуыммен мектебімізге жұмысқа орналасқан Денис тоғызқұмалақты қалай үйренгенін әңгімелеп берді.

– Комаровка орта мектебінде 5-9 сынып оқушыларына тарих пәнінен сабақ бере жүріп, жас маман ретінде қоғамдық және спорттық іс-шараларға қатысып отырдым. Жыл сайын облыста өткізілетін жазғы “Ақ бидай” мен қысқы “Солтүстік” ауылдық спорт мерекелеріне бір адамдай қатысушы едік. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері спартакиадасында бағдарламада белгіленген барлық спорт түрінен сынға түскенімізбен, дәл тоғызқұмалақтан бірде-бір рет қатысып көрмеген екенбіз. Сондықтан уақытты көпке созбай, тоғызқұмалақ ойнауды үйренуге кірістім, – дейді жас мұғалім.

Денистің айтуынша, ол ең алдымен теориялық білімін жетілдіру мақсатында кітапханадағы кітаптарды ақтарып, ойынның шығу тарихымен және ережесімен танысқан. Бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады. Жас маман тоғызқұмалақ ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және қазақ халқының ата-бабалары осал болмағанына көз жеткізді.

Жас маманның жетекшілігімен ауыл мектебінің оқушылары сайыстарда үздік нәтиже көрсете бастаған. Атап айтқанда, Кристина Карепанова, Асқар Анарбек, Алмат Тұрұқұлов, Сергей Гайко, Бауыржан Тұрұқұлов, Максим Адирехин әр жылдары аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерінде үздік ойын көрсете біліп, жеңіс тұғырына көтерілген.

Бүгінде Денис Оберемко мектебіміздегі өзге 6 бапкермен бірге келушілерге тоғызқұмалақтан дәріс береді. Денистің қарамағына сеніп тапсырылған бастауыш тобындағы 14 оқушы ұлттық ойынымыздың қыр-сырын меңгеруде. Аптасына үш рет жаттығатын 1-9 сынып аралығындағы оқушылар болашақта республикалық сайыстарда өңір намысын қорғай алатын шеберлер болып қалыптаспақ.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін Денистің жеке жетістіктеріне тоқталар болсақ, ол – Айыртау ауданының ұлттық спорт түрінен өткен аудандық додалардың 5 мәрте жеңімпазы. Кейін тәжірибесін шыңдаған ол облыстық кезеңдерде де жүлделі орындардан көріне білген. Айыртауда тоғызқұмалақ спортын дамытуда тер төккен азамат.

Смағұл АМАНОВ,

ұлттық спорт мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp