«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ТАБЫС

Облыстық статистика департаментінің қызметкерлері үстіміздегі жылдың 9 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары Қуанышбек Қалижанов еліміздің өңірлері арасында облысымыз құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өсімінің қарқыны бойынша алдыңғы орында екенін мәлімдеді.

– Өңіріміз биылғы жылдың 9 айында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Өнеркәсіп саласында ілгерілеушілік бар. Үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйекте облыстың кәсіпорындары 180,5 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады. Жыл басынан бері 126,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл жалпы өнеркәсіп өндірісінің 69,9 пайызы. Саладағы өсім 0,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің 58,4 пайызы азық-түлік өнімдерін өндіру саласына тиесілі, – деді Қуанышбек Серікұлы.

Солтүстік Қазақстан облысы аграрлы өңір болғандықтан, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірімізде 408,3 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Соның 69,6 мың тоннасы мал мен құс еті, 464,4 мың тоннасы сүт, 615,9 млн. данасы тауық жұмыртқасы.

Құрылыс саласында да оң үрдістер байқалуда. Аталмыш кезеңде облысымызда 57,5 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. Ол 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 42,3 пайызға жоғары. Тұрғын үй құрылысы саласында 12,5 млрд. теңге игеріліпті. Облыс аумағында тұрғындар мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жалпы ауданы 85456 шаршы метр тұрғын үй салынған. Олардың 68,4 пайызы тұрғындардың өз қаржысына, 17,8 пайызы – бюджет қаражаты, ал 13,8 пайызы кәсіпорындар есебінен тұрғызылған екен.

Қуанышбек Серікұлы инвестиция көлемінің көрсеткіші де көңіл қуантатынын атап айтты. Үстіміздегі жылдың өткен 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 7,8 пайызға өсіп, 136,1 млрд. теңгеге жеткен. Инвестицияның 56,8 пайызы – жекеменшік субъектілердің қаржысы. Бюджеттің үлесі – 28,7 пайызды, банктердің кредиті – 6,5 пайызды, ал өзге қарыз қаражаты 8 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру бойынша ауыл, орман және балық шаруашылықтары – 44,7, көлік және қоймалау – 17,2, өнеркәсіп 16,5 пайыздық көрсеткішпен алға шықты. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға 9,8 пайыз инвестиция бағытталған.

“Өткен қаңтар-қыркүйек айларында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 7,7 пайызға өсіп, 107670 теңгені құраған. Қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлері жалақысының өсу қарқыны – 119,5 пайызды, көлік және қоймалау – 127,8, білім беру саласында – 122,8, өнеркәсіп кәсіпорындарында – 103,6, ауыл шаруашылығында – 108,5, құрылыста 112,9 пайызды құрады”, – дейді Қуанышбек Серікұлы.

Ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінің мамандарына тиесілі. Олардың орташа еңбекақысы – 198721 теңге. Ал жалақы мөлшері өнеркәсіпте – 108142 теңге, білім беру саласында – 94695 теңге, денсаулық сақтау саласында – 104090 теңге, ал құрылыста – 138107 теңге.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp